Ұлы Отан соғысына қатысып, елін, жерін жаудан қорғаған батыр бабалардың рухына тағзым ету – ұрпақ борышы. Осы ойды берік ұстанған Павлодар қаласындағы №120 балабақшаның тәрбиеленушілері мен ата-аналар қауымы облыс орталығындағы мәңгілік алауға барып, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, бүлдіршіндер ондағы қан майданда ерлік көрсеткен ардагер аталарының есімдері жазылған ескерткіш тақталарын тамашалады. Бұдан соң аталмыш мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінің тәрбиешілері балаларға соғыстың басталу тарихы мен ұлы Жеңіс жайлы әңгімелеп берді. Балғындар бүгінгідей бақытты да бейбіт өмір сүріп жатқандарына риза екендіктерін және Отан үшін отқа түскен ардагерлердің ерлігін ешқашан ұмытпайтындықтарын жеткізді.
Ата-аналар мұндай өнегелі шараның балаларға берері мол екенін айтып, балабақша ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Н.АҚЫТЕГІ.

