Ұлы Отан соғысының ардагері Татьяна Бегежанова туралы бір үзік сыр
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Железинка ауданының Есқара ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Татьяна Бегежанова тұрады. Талай боздақ қыршын кеткен, талай шаңырақты қаңыратқан қарғыс атқыр сұм соғыстың қасіретін кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінде сақтаған кейуананың кейінгі ұрпаққа айтары көп. Бүгінде ол 87 жаста. Әлі тың. Тамырын тереңге тартқан мәуелі бәйтеректей немере-шөберелерінің қызығына сусындап отыр.
Соғыс жылдарында жалынды жастар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп ұрандап, жауға қарсы соғысуға аттанды. Өрімдей жастар майданға сұранды. Солардың қатарында Татьяна да бар еді. Ол қасындағы құрбысымен бірге еш ойланбастан Украина жеріндегі Тимошевская станциясындағы майдан госпиталіне тартады. Мұнда олар медбибі болып қабылданады. Бұл 1944 жылдың көктемі еді. Сол кезде небары жиырма жастағы Татьяна елі үшін, жері үшін майдан шебіне кіреді. Әскери госпитальға жұмысқа тұрғаннан тіптен дамыл көрмей, күн, түн демей жұмыс жасайды. Әскери госпиталь 4-ші Приморье армиясының 4-ші Украин майданы құрамында болатын. Майдан көшбасшысы көпке танымал Тобугин еді.
Госпитальда бірінші кезекте әскери тәртіп пен санитарлық тазалық тұратын. Жаны да, тәні де жаралы жандарға бар ынта-жігерімен қызмет қылу - медбибілердің басты міндеті. Әсіресе, түнгі кезекшілік ауыр өтетін. Жарасын ауырсынып, жаны қиналып ыңырсыған, айқайлаған, жылаған жауынгерлерге жұбату айтып, жылы сөзбен тыныштандыруға тырысатын. Сөйтіп жүріп, таңның атқанын да білмей қалатын кездер болатын -деп еске алады ол. Оқ пен дәрі-дәрмектің ащы иісі араласқан госпитальдағы еңбек те ерлікпен пара-пар еді. Татьянаның көз алдында талай жауынгер көз жұмды. Соғыстың ауыр соқпағы жас қызды осылай шыңдады, қатайтты.
- Біздің госпиталь шайқас жүріп жатқан жерден онша алыс болмайтын. Майдан даласынан жараланғандарды жедел жеткізетін. Аяқ-қолынан айырылғандар, басы мен кеудесіне оқ тигендер, денесіне снаряд жарықшағы кірген жаралылар көп болды. Медицина қызметкерлері аяғынан тік тұрып кызмет етті. Шаршап-шалдығуды білмедік. Біз бәрін жеңіс үшін жасадық. 1944 жылы госпитальді Румынияның Сенай станциясына көшірді. Керчен бұғазы арқылы баржаға тиеліп, Семфиропольға келіп жеттік. Ол жерде күзге дейін тұрақтап, одан әрі Харьков арқылы Румынияның Сигет қалашығына жол тарттық. Жеңіс күні туып, соғыс аяқталған соң, госпитальді сол жерде таратты. Аяғынан жүре алатындарын туған жеріне жібердік, ал төсекке таңылған жаралы жауынгерлерді басқа госпитальдарға ауыстырдық. Румынияның осы Сигет қалашығында болашақ жарым Сейітпен кездесіп, көңіл қостым. Ол сонда батальон командирі еді,- деп еске алады сұм соғыстың куәгері.
Зымыраған уақыт-ай десеңші. Содан бері арада 66 көктем өтіпті. Өжет қыздың отты жылдардағы өткен соқпағы әлі күнге көңілінде тайға таңба басқандай сайрап жатыр.
Майданда туған махаббат
Ері Сейіт Бегежанов Павлодар қаласында туған, көкірегі ояу, көзі ашық, өмірін ұстаздыққа арнаған қарапайым қазақ азаматы. Алматыдағы Абай атындағы пединститутты бітірген соң, Павлодарда училищеде мұғалім болған. 1939 жылы әскерге шақырылған. Содан соң қырғын соғыстың қақ ортасында шайқасқан.
- Румынияның Сигет қалашығында орныққан біздің әскери госпитальда кешкілік би кеші ұйымдастырылып тұратын. Бір күні мені капитан Сейіт Бегежанов биге шақырды. Мен комбатпен бірге билеуге жүрексініп, ұялып шықпадым. Ол қасымдағы құрбымды алып, би әуенімен үйіріп әкетті. Сонда да екі көзі менде. Артынан сөйлестік, табыстық. Сейіттің адалдығы, бірбеткейлігі ұнады. Бір айдан кейін ол маған сөз салды, мен келісімімді бердім. Міне, осылай қосылдық,- деп көзіне жас алады қазақтың қайсар келіні.
Бұл екеуінің майданда туған махаббаты жайлы Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің тілшісі Төлеубек Қоңыр («Құрдастар» деген мақаласында), Есқара ауылының тумасы Мұқарам Қанафин («Өмір өткелдері» кітабында) және Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері Жұлдыз Жақсылықованың естеліктерінде кеңінен жазылған. Мақалаларда майданда тоғысқан тағдыр иелерінің бір-біріне деген шынайы сезімдері сөз болады.
Әулетімен көрікті әже
Майданда табысқан олар 1946 жылы 9-мамырда, яғни Ұлы Жеңіс күнінен кейін тура бір жыл өткенде Пермь облысынан Свердловск арқылы Павлодарға жетеді. Жолдасы Сейіт Бегежанов Павлодар обкомында 1946-48 жылдары нұсқаушы болып қызмет етті. Бірақ, мұғалімдік мамандықты қастерлеп, жанындай сүйген Сейіт аға өз жүрек қалауымен педагогтік қызметін аңсайды. Сөйтіп, оны алыстағы Есқара ауылындағы Талапкер орта мектебіне директор етіп тағайындайды.
Міне, сол 1948 жылдан бастап Сейіт пен Татьяна шаңырағы осы жерде бой тіктеді, көсегесі көгерді, ұрпақ өсірді. Алты ұл, төрт қыз тәрбиеледі. Ұлдың үлкені Жұмабай, одан кейін Максим, сосын Еркінбай, Марат, Мұрат, Болат болса, қыздары Алма, Роза, Светлана, Луиза бәрі де ата-анасының қолқанаттары, көзқуаныштары болды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олар бақытты отбасы атанды. Отағасы Сейіт аға 1990 жылы дүниеден өтті. Ал Татьяна медицина саласында халық денсаулығын қорғау жолында біраз жыл қызмет етті. Ауылдастарының алғысына бөленді.
Бүгінде әке жолын ұрпағы жалғастырып отыр. Есқара орта мектебінде қызы Луиза, немересі Әлия, келіндері Гүлнар Шакванқызы мен Қымбат Аизбергенқызы ұстаздық етеді. Немере-шөберелері де бір кездері атасы қызмет атқарған мектепте білім алуда.
Татьяна Афанасьевна бүгінде 27 немере, 8 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Ресейдің Краснодар өлкесінде, Украина астанасы – Киевте тұратын бауырларымен, жиендерімен күні бүгінге дейін араласып тұрады. Сағынысып хат жазысады, телефон арқылы сөйлеседі, ара-тұра барып та келеді.
Сексеннің сеңгіріне шықса да, сырлы аяқтай сынын бермеген қадірлі қария, соғыс ардагері бүгінгі бейбіт өмірге риза. «Құдайым, соғыстың бетін аулақ қылсын»,- деп отырады.
Елін жаудан қорғау тек қана ер адамдардың еншісіне жазылып қалмаған ғой. Арулар арасынан небір батырлар шыққан. Өзіміздің аты аңызға айналған Әлия мен Мәншүктің ерлігін әлем біледі. Жауға ұшағымен үш жүз рет шүйлігіп, оқ пен от шашқан қазақтың батыр қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ерлігіне қалай сүйсінбессің?! Қазақтың келіні Татьяна Бегежанованың да майдан даласындағы санитарлық қызметі, өрлігі мен өжеттігі, қайсарлығы һәм от кешіп өткен соқпағы да ұрпаққа – ұран, елге – мұра боларлықтай емес пе?!
Темірхан РАМАЗАНОВ,
Есқара ауылы, Железинка ауданы.

