ардагердің өмірі барлығымызға үлгі
Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс - Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 66 жыл. Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен ол көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Өйткені соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті. Сондықтан, зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат.
Сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Сол соғысты майданның алдыңғы шебінде жүріп басынан өткергендердің бірі - жерлесіміз Айтқазы Жұманбеков. Отан үшін от кешкен ардагер көзі тірі болса, биыл жүз жасқа келетін еді.
А.Жұманбеков - Май ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, оқу-білімге құштар болып өсіпті. Жеті сыныптық білімі бар. Мектепті бітіргеннен кейін партиялық жұмыстарға араласа бастайды. Ауданда уәкіл болып қызмет етеді. 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Түркменстан елінде өтеген. Соғыс алдында әскери училищеге оқуға түсіп, офицер шенінде майданға аттанды. Екінші Украин майданының құрамында жауға қарсы шайқасқа түсті. Румыния, Венгрия, Чехословакия сияқты Еуропаның бірқатар елдерін азат етуге қатысты. Рота командирі болып, капитан дәрежесіне дейін көтеріледі. Ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» орденімен, сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Бес рет жараланыпты. Кескілескен ұрыстардың бірінде бомбаның жарықшағы басына тиіп, өлім аузынан қалған. Бұл туралы А.Жұманбеков өз естеліктерінде былай деп жазған. «Румынияның мұнайлы Флоешти қаласы маңында үлкен шайқас болды. Немістер аталмыш қаладан айырылып қалмау үшін бар күшін салды. Ұрыстың қызған шағында біздің дивизияның командалық пунктіне екінші Украин майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Р.Малиновский келген екен. Ұрыс даласындағы жағдайға қаныққан ол қалаға қарай бір батальон әскермен ұрыс сала барлау жасауға бұйрық береді. Менің батальоным алғы шепте еді. Дивизияның командирі осындай қарбаласта мені командалық пунктке шақырды. Маршалдың алдына келгенімде ол маған: «Капитан, бір батальон күшпен барлау арқылы ұрыс жүргізу керек. Анау қарайған төбешіктен немістерді қуып шығу керек. Тапсырма осы. Қашан төбешікті алғаныңша, осы арада боламын. Орындаңыз!», - деп бұйрық берді. Сонымен, қалаға шабуыл жасадық. Жан-жақтан лап қойып, төбешікті басып алдық. Дивизияның командалық пунктіне хабарлап үлгердім. Сол мезетте басымнан жараланып, құлап түстім». Осылайша А.Жұманбеков бір айға жуық уақыт ес-түссіз жатыпты. Тіптен, үйіне «Балаларыңыз ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар да жеткен. Бұл хабар Айтқазы Досқожаұлының отбасын мүлде есеңгіретіп тастаған еді. Себебі, бұған дейін ата-анасы үлкен ұлдары Мұқанның Житомир қаласы маңында ерлікпен қаза тапқанын естіп, қайғыдан қан жұтып отырған. Қуанышқа орай А.Жұманбеков аман қалды. Чехия елінің Бұдапешт қаласында, әскери госпитальда жатып емделеді. Сол кезде маршал Р.Малиновскийден жеделхат алады. Онда былай делінген: «Қымбатты Жұманбеков Айтқазы, сізді екінші Украин майданның әскери Кеңесі Үкімет наградасымен құттықтап, тезірек айығуыңызға тілектестік білдіремін. 1945 жыл, мамыр айы».
Айтқазы Досқожаұлы соғыстан кейін партия қызметтерінде болды. Колхоз бастығы, аудандық тұтынушылар одағының, қаржы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Бір атап өтерлігі, марқұм ардагер соғыста болған кезінде шағын күнделік жүргізген екен. Оған майдандағы сұрапыл күндердегі жанкешті ұрыстарды, соғыс қимылдарын жазып отырған. Өз еліне, тұған жеріне, ата-анасына деген сағынышын өлеңмен өрбітіп отырған. Бұл оның кейінгі ұрпағына деген мұрасы іспеттес еді. Алайда, өкінішке қарай, Ұлы Жеңіс мерекесінің 40 жылдығы қарсаңында (1985 жылы) аудандағы Белогорье (қазіргі Көктөбе) мектебінің мұражайына алынған ардагердің күнделігі, орден, медальдары сол күйінде жоғалып кеткен.
Спан АЙТҚАЗИН,
Аксу ауданы, Жолқұдық ауылы.

