Зейнетолла Сарин - үш бірдей соғысқа қатысқан азамат. 1939 жылы күзде КСРО-да енгізілген жалпыға бірдей әскери міндеттеу туралы Заңға сәйкес ол Жұмысшы-Шаруа Қызыл әскері қатарына шақырылады. Ленинград маңына жеткізілген жауынгерлер қысқа мерзімдік әскери дайындықтан кейін Выборгтың түбінде Финляндияға қарсы қысқы соғысқа енеді. Солтүстік қалың қары белуардан келіп, аязы сықырлап тұрған шақта Еуропада ең күшті әскери бекініс саналған Маннергейм сызығына шабуыл жасаған Кеңес әскерлері үлкен шығынға, сәтсіздіктерге ұшырады. Маннергейм шебін тіке шабуылмен ала алмайды. Тіпті, кейбір атқыштар дивизиясы қатты соққыдан ес жия алмай шегінуге мәжбүр болды. Шабуылдаушы әскерлер қатарында Есқара ауылынан шақырылған Зейнолла Сарин де болған еді. Қысқа соғыс деп тарихқа енген Кеңес-Фин шайқасында жеңілістің ащы дәмін татқан Кеңес әскерлері кейін қайта шабуылға шығып, ақыры Маннергейм шебін бұзып, бекіністі алады. З.Сарин соғыс лаңын өз көзімен көреді.
Аталған ұрыстан кейін енді үйге ораламыз деп отырғанда, Зейнолла қызмет етіп жүрген әскери құрама Балтық бойындағы үш елді «азат ету» жорығына қатысады. Жауынгерлік жолы Батысқа ұзай береді. Кейін Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Солтүстік Буковина, Бессарвия – екінші дүниежүзілік соғыстың жалғасы саналған Ұлы Отан соғысы басталғанға дейінгі Зейнолланың жауынгерлік жолы осындай. Кешегі ауыл мұғалімі сұрапыл соғыстың бұрқ етіп басталуына санаулы күндер қалғанын білген жоқ еді. Батыста қанқұйлы соғысқа алдымен енген Кеңес әскерлері немістердің тегеурінді соққыларының астында қалды... Танкші Зейнетолла Сарин қарсы шабуылдарға қатысты, шегіністерді де көрді. Шегіне-шегіне Мәскеу түбіне жетіп, Батысқа шеру тартқан сәттерді де бастан кешірді. Соғысты Берлинде, Рейхстаг түбінде аяқтаған жауынгер күлімдеп келген көктемнің күнінде желбіреген жеңіс туына куә болды.
Соғыс аяқталып, енді елге ораламыз деген сағыныш сәті сап тиылды. Батыс майданындағы ірі әскери құрамалар Шығысқа жөнелтілді. Солардың сапында Азияның Гоби шөлі арқылы Маньчжурияға жеткен әскери дивизиялар құрамында кешегі ауыл мұғалімі З.Сарин енді империалистік Жапонияның, бір миллион әскері бар Квантун армиясына қарсы шабуылға шықты. Майданнан майданға қатысып жүрген танкші бұл жолы ұрысты Харбинде аяқтайды.
Сөйтіп, әскер қатарында 1939 жылдан 1946 жылға дейін болған Зейнетолла Сарин елге оралып, мұғалімдік қызметін жалғастырады. Есқара, Еңбекші ауылдарында бала оқытып, саналы ғұмырының 30 жылын ұрпағына білім беруге арнаған. Зейнетолла жетпісінші жылдардың ортасында дүниеден өтеді. Өнегелі де, өр тұлғаның өмірі кейінгі жастарға үлгі болып қалмақ.
Төлеубек ҚОҢЫР.

