Сіздерді бүкіл адамзат қауымына аса қымбат мереке – Ұлы Отан Соғысы Жеңісінің 66 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс - аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғап, ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған Сіздердің өлшеусіз ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды.
Біз, павлодарлықтардың жауға қарсы соғысып, жеңіс жолындағы ортақ іске қосқан зор үлесін үлкен мақтанышпен айта аламыз. Осы сұм соғыстың ауыр қасіретін басынан кешпеген бір де бір отбасы қалмады. Қырық алты мың павлодарлық Мәскеуден Берлинге дейін майданның ауыр жолымен өтіп, Сталинград, Курск қорғандарында жаумен шайқасып, Ресей, Украина, Белоруссия қалаларын, Балтық жағалауын қорғап, Еуропа елдерін фашизмнен азат етіп, бостандық әперді. Біз олардың ерлігіне бас иіп, жүрегімізде мәңгі сақтаймыз.
Отан соғысының оқ бораған даласында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 23 павлодарлық жоғары наградаға ие болды. Оларға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сегіз жауынгер Даңқ орденінің иегері атанды. Мыңдаған жерлестеріміз түрлі дәрежедегі ордендермен және медальдармен марапатталды. Олардың бюст-ескерткіштері Даңқ обелискісіндегі батырлар аллеясында орнатылған. Аты-жөндері ескерткіш тақталарына мәңгілікке жазылып, қасиетті Естелік кітабына енгізілді. Ерлеріміздің есімі облыста ғана емес, ТМД елдерінде де ауылдардың, мектептердің атына берілді. Батырларымыздың есімі халықтың есінде мәңгі сақталмақ.
Ұлы Отан Соғысы халықтың басына түскен ауыр сынақ болып қана қоймай, қайсарлық пен жігерліктің мектебіне айналды. Халықтың бірлігі мен қуатты рухы, қайтпас қайсарлығы мен қаһармандығы, Отанға деген сүйіспеншілігі Жеңіске үлкен жол ашты.
Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері, сұрапыл соғыстан аман-есен оралып, жаңадан бейбіт өмірді қалпына келтірудегі ұлан-ғайыр еңбектеріңізге шексіз алғыс айтамыз. Қазақстанның әлемдегі экономикалық жағынан дамыған елдердің қатарына енуі де, құрметті ардагерлер, сіздердің елге сіңірген еселі еңбектеріңіздің нәтижесі деп білеміз. Бүгінгі өскелең ұрпақты береке-бірлікке, тату-тәтті тірлікке тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысып, ортамызда жүре беріңіздер. Сіздер жасаған ерлік ешқашан өшпейді. Ол ұрпақтар есінде мәңгі сақталады.
Осы қасиетті де қастерлі мереке күні, қадірлі ардагерлер, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ашық аспан, құт-береке тілеймін.
Құрметті жерлестер, мерекелеріңізбен! Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!
Павлодар облысының әкімі
Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

