БАТЫРЛАРҒА ТАҒЗЫМ

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды»
Өткен сенбіде, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Павлодар қаласында бірнеше айтулы, игі шаралар өтті. Даңқ аллеясы тағы екі ескерткішпен толықты. Жерлестеріміз, Даңқ орденінің толық иегерлері Павел Больбот пен Василий Христенкоға арналған кеуіттер (бюсттер) ашылды. Шара барысында тұрғын үй кезегінде тұрған бірқатар ардагерлерге жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Сондай-ақ, бұл күні облыс орталығында сұрапыл соғыс жылдарындағы жауынгерлеріміздің жанкешті ерліктерінен сыр шертетін деректер, құнды жәдігерлер қойылған жаңа музей ашылды.
Алдымен, жұртшылық Даңқ аллеясына, жерлес ардагерлерге арналып тұрғызылған кеуіттердің салтанатты ашылу рәсіміне жиналды. Шараға облыс басшылығы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, оқушылар мен студенттер қатысты. Олар туған жері, халқы үшін құрбан болған батыр жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсетуге келді. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мұндай шаралардың маңызы өте зор екендігін атап өтті. «Отан үшін отқа түсіп, бейбіт өмірді болашақ ұрпаққа аманат еткен бабаларымыздың рухын қастерлеу - перзенттік парызымыз. Біз бүгін сіздермен, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында артында асқан ерлік пен өшпес із қалдырған батырларымызға арналған кеуіттердің ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Мұндай айтулы шара жеңісті жақындата түскен жерлестеріміздің абыройын асқақтатып, жастарымызға өмірлік нұсқа болары айқын. Бүгінгі ұрпақ осындай ержүрек жауынгерлерімізді көріп, батыр бабаларымызға еліктеп, үлгі-өнеге алып өсеріне кәміл сенемін», - деді аймақ басшысы.
Қайтпас қайсарлық пен ұлтжандылықтың, намыс пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен аталарымызға қанша құрмет көрсетсек те, артықтық етпейді. Себебі, олар «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. «Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Кәмелетке жаңа  толған қаншама боздақтарымыздың өмірі қыршынынан қиылды. От пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің нендей адам төзгісіз азаптан өткендігін сөзбен жеткізу қиын. Бүгінгі бейбіт өміріміз сол ерліктің нәтижесі. Осыны жете түсініп, аға ұрпаққа көрсетіп отырған зор құрмет үшін ардагерлердің атынан облыс басшылығына ыстық ықыласымды білдіремін», - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Ахметуәли Шәріпов.
Шара барысында бірқатар ардагерлер қос қуанышқа кенелді. Олар өткен жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып тұрғызылған көп қабатты тұрғын үйден жаңа пәтерлерге ие болып, мереке қарсаңында қоныс тойын тойлады. Пәтер кілтін облыс әкімі Б.Сағынтаев табыс етті. «Ардагерлерге арналған тұрғын үйде әлі де бос пәтерлер бар. Олар өз иелерін күтуде. Барлық ардагерлеріміз назардан тыс қалмайды», - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі сондай-ақ, Ленин саябағында болды. Онда «Замандас» ардагерлер үйі шығармашылық ұжымының Ұлы Жеңіс мерекесіне арнайы ұйымдастырған концерттік бағдарламасын тамашалады. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, биден шашу шашылды. Ұлы Отан, ауған соғысының ардагерлері және тәуелсіздік құрдастары, яғни жастар қауымы жиналды. Бір атап өтерлігі, өткен жылы аймақ басшысының бастамасымен құрылған аталмыш ардагерлер үйі облысымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласады.
Бұдан соң облыс әкімі Павлодар қаласының Мир көшесі бойындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангер сарбаздардың ескерткіші орналасқан саябақ алаңында жаңадан бой көтерген музейдің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – тарихи орын. Соғыс жылдарында мұнда вокзал орналасқан. Жерлес жауынгерлеріміз нақ осы жерден майданға аттаныпты. Өкінішке қарай, қайта құру жылдарында бұрынғы вокзал ғимараты тоқырап, бос қалған екен. Өткен жылы ескерткіш қайта қалпына келтіріліп, оның жанынан шағын саябақ тұрғызылды. «Қайта бой көтерген бұл ғимаратта әскери Даңқ музейін орналастыруды жөн көрдік. Ғимарат - сонау соғыс жылдарындағы вокзалдың толық көшірмесі. Соның негізінде салынды», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Атап өтерлігі, бұл игі шара – аймақ басшысы мен «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминнің ортақ келіссөздерінің нәтижесі. Музейде соғыс жылдарындағы жерлес сарбаздарымызға қатысты құнды деректер, бірегей жәдігерлер жиналған. Олар облыстық тарихи-өлкетану музейі мен мұрағат және құжаттама басқармасынан алынған. Аталмыш музейдің жас ұрпақ тәрбиесінде де алар орны ерекше болмақ.
Аймақ басшысы ҚР Отан қорғаушылар күніне орай, облыс орталығында орналасқан 5512 әскери бөлімінде  болып, сарбаздардың әскери дайындығымен танысты. Әскери бөлімнің техникалық жабдықталуын, қару-жарақтарын көрді. Казарманы аралап, асханада дастарқан басында жауынгерлермен тілдесті. Сарбаздар сап түзеу машығы бойынша дайындықтарын паш етті. Кинологиялық қызметтегі арнайы үйретілген иттердің қылмыскерлерді ұстау бойынша жаттығулары да көрсетілді. Аталмыш әскери бөлім жауынгерлері облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылады. Күн сайын екі жүзге жуық сарбаз қала көшелеріндегі қауіпсіздікті қадағалауға шығады.
Әскери бөлімнің офицерлік құрамы мен жауынгерлерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған облыс әкімі бөлімшенің жалпы жағдайына оң бағасын берді.


Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31