жасампаздықтың жаршысы – Ұлы Жеңіс!
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 66 жылдығы аймағымызда барлық сән-салтанатымен, ерекше аталып өтті. Негізгі шаралар облыс орталығында ұйымдастырылды. Отан үшін от кешкен батыр бабаларымыздың рухына тағзым етуге қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Аталмыш мерекелік шараларға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Жылдағы дәстүр бойынша Даңқ обелискісінде туған жері, халқы үшін құрбан болған батыр аталарымызды еске алу, аза тұту митингісі өтті.
Қан майданда қаза болған батырлардың рухына тағзым етуге жұртшылық ағылып келді. Алдыңғы қатарда - сұрапыл соғыста кескілескен майдан даласында алдыңғы шепте жүрген майдангерлер, бүгінде кеуделері орден, медальдарға толы ардақты ардагерлер. Шара барысында сөз алған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мұны баса атап өтті. «Кешегі сұм соғыста ерлік істері аңызға айналған көптеген павлодарлық майдангерлердің есімдері ел жадында қалып, ұрпаққа үлгі болып келеді. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының батырлары Махмет Қайырбаев, Серікбай Мүткенов, Қанаш Қамзин және тағы да басқа көптеген жерлестеріміз бар. Осындай өр тұлғалы аталарымыздың ерлігі - жас ұрпақтың бойына өшпес рух пен жалынды жігер беріп, өмірлік өнеге болып қала бермек.
Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздары Отан үшін от кешкен жандардың ерлік істерін мақтан етіп, мәңгілік есте сақтайды. Ержүрек ардагерлеріміздің Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі – біздің бүгінгі күніміздің ұлы жемісі. Мұны біз әр уақытта тереңнен зерделеп, жүрегімізбен айқын сезініп келеміз. «Елдің көркі ерімен, Отан көркі жерімен» дейді дана халқымыз. Осынау гүлденген өмірге жол ашқан, бізді жарқын болашаққа құштар қылған батыр ағаларымызға деген шынайы алғысымыз қашан да шексіз» - деді аймақ басшысы.
Сұм соғыс тарих белесінде қалса да оның зерттелмеген, әсіресе, кейбір жерлес жауынгерлеріміздің тағдырына қатысты белгісіз тұстары әлі де баршылық. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғасын табатындығын жеткізді.
Өкінішке қарай, жыл санап ардагерлеріміздің қатары сиреп келеді. Алайда оларға деген құрмет, қолдау толастар емес. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан көп көмек көрсетілуде.
Митинг барысында жиналғандар қан майданда құрбан болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік шара Павлодар қаласының орталық алаңындағы салтанатты шеруге ұласты. Павлодардағы әскери бөлімдердің сарбаздары мен жергілікті кадет корпусының курсанттары, мектеп оқушылары салтанатты сап түзеп, Отан қорғаушы жас ұрпақтың атынан ардагерлерге құрмет көрсетті. Орталық алаңға жиналған павлодарлықтар назарына «Жеңіс әуендері» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.
Павлодар-Омбы-Павлодар бағытында жүгіру марафонын ұйымдастырған жергілікті жеңіл атлеттердің белсенділігін ерекше атап өткен жөн болар. 28 сәуір күні Павлодар қаласынан басталған марафон Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы достықтың көрінісін паш еткендей. Мереке күні жеңіл атлеттер марафонды аяқтап, барша павлодарлықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Түске қарай мерекелік шара ардагерлер алаңына ауысты. Мұнда арнайы шатырлар тігіліп, ардагерлер үшін әскери дала дәмханасы жайылды. Соғыс жылдары майдангерлердің рухын көтеріп, жеңіске жетелеген ән-жырлар нақышына келтіріліп орындалды. Облыс әкімі Б.Сағынтаев ардагерлермен бірге дастарқандас болып, құрметті қарияларды тағы бір мәрте мерекелерімен құттықтады.
Сондай-ақ, бұл күні спортсүйер қауым «Құлагер» ипподромына ағылды. Желмен жарысқан сәйгүліктер Аламан бәйгенің көркіне айналса, «Қыз қуу» мен «Теңге алу» жарыстарына қатысқан ұл-қыздарымыз павлодарлықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кешкісін орталық алаңда өнер жұлдыздарының концерті өтті. Ұлы Жеңіс күніне арналған айтулы мереке «Жеңіс нұры» мерекелік от шашуымен аяқталды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Суреттерді түсірген Т.НҰРҒАЗЫ.
Ниған АДАМОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Қанды қырғынға 17 жасымда аттандым. Сталинград түбіндегі жойқын шайқастарда жаумен алысып, Отанымызды қасық қанымыз қалғанша қорғауға асықтық. Ал қазір береке мен бірліктің біте қайнасқан ортасында тұрмыс кешіп отырған менен бақытты жан жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетуде. Бәріне ризамыз.
Қайыргелді ТАЙЖАНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-Аллаға шүкір, жасым тоқсанды алқымдады. Бүгінгі айтулы мерекеге ерекше ықыласпен келіп отырмын. Себебі, бұл - туған жерімізге Ұлы Жеңісті әкелген күн. Соғыс жылдары Шығыс Германия жеріне дейін жаумен шайқастық. Мұның бәрі бүгінгі жас ұрпаққа аңыз-әңгіме секілді. Қаншама қыршын жастың тағдырын жалмаған сұм соғыс ешқашан болмаса екен.

