Ресей федерациясы, Алтай өлкесінде оң мыңға тарта қандасымыз өмір сүреді. Туған жерден жырақта жүрсе де, қандас бауырларымыз қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, наным-сенімдерін насихаттаудан кенде қалған емес. Тіпті, ата-бабамыздың жөн-жоралғысын еліміздегі қазақтардан да артық біледі десек қателеспейміз. Жуырда Алтай өлкесі, Благовещенск ауданы Байғамұт орта мектебінің директоры Сапарбек Маусымбаев редакциямызға келіп, Алтай қазақтарының игі істері жайлы баяндап, қуанышымен бөліскен болатын.
«Үстіміздегі жылдың 7 шілдесінде Ресей Федерациясына Европа кеңесінен арнайы делегация келген. Европалық делегацияның келудегі басты мақсаты – өзге мемлекет құрамындағы тұрғындар саны аз халықтардың тұрмыс тілінің сақталу жағдайын қадағалау»,- деді Сапарбек Шайхымұлы. Мәртебелі меймандар Алтай өлкесіне де ат басын тіреп, сол жердегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысыпты. Өлкеде қазақтар мен қатар неміс ұлтынан құралған үлкенді-кішілі ауылдар бар екен. Қазақтар мен неміс халқының арасындағы жағдайды өзара салыстырған европалық делегация қандас бауырларымыздың қазақ тілінде еркін сөйлейтінін көріп, таңданыпты. Қазіргі танда Алтай өлкесінің екі ауылындағы мектептерде қазақ тілінде сабақ жүргізеді. Бірі - Байғамұт ауылы болса, екіншісі - Құлынды ауданындағы Керей ауылы. Байғамұт орта мектебінде 23 оқушы білім алады. «Оқушылардың білім сапасы жоғары болғандықтан, мектебіміз 11 жылдық негізде сақталып, босағасын берік ұстап тұр. Европалық делегация мектептің тыныс-тіршілігімен де егжей-тегжейлі танысып, жоғары бағалады», - деді мектеп директоры.
Благовещенск ауданы оқу ісінің меңгерушісі С.Максимова, мәдениет бөлімінің бастығы С.Федоров және аудан әкімшілігі депутаттар кеңесінің төрағасы В.Головешкин бастап келген мәртебелі меймандар Байғамұт орта мектебінде дөңгелек үстел шарасын ұйымдастырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берген. Қазақтың киіз үйіне жайғасқан меймандар ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, қазақ мәдениетіне таңданыс білдіріпті.
Сондай-ақ, Европалық делегация өкілдері Байғамұт ауылындағы музейге де барған екен. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылдан 68 адам қан майданға атанған. Соның 22-сі ғана елге аман-есен оралған. «Музей ішін аралаған құрметті қонақтар қазақтардың ерлігі мен батырлығына қайран қалды»,- деді мектеп директоры С.Маусымбаев.
Байғамұт орта мектебінің басшысы Сапарбек Маусымбаев: «Биыл оқушыларымыз Ресей бағдарламасы бойынша тест түрінде емтихан тапсырды. Жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттеріміз ауылдың абырой, атағын асқақтатты», - деді өз сөзінде.
Шетелде тұрмыс кешсе де, туған жерді әсте естен шығармайтын қандастарымыз жоғары дәрежелерден көрініп жатқанын естіп, марқайып қалдық. Өзге елде жүріп, қазақ халқының атын асқақтатып жүрген қандастарымыз биік белестерден көріне берсін деп тілейік.
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.

