ЕҢСЕСІН ТҮСІРМЕГЕН ЕЛ

Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ ауылы облыс орталығынан шамамен 400 шақырымдай жерде орналасқан аймағымыздың ең шалғай елді-мекендерінің бірі. Округ құрамына енетін үш ауылда 210 түтін бар. Айдаған ат ариды демесең, тұрғындарының тұрмысы ауқатты.
Қыстан қысылмай шыққан шаруалар төрт түлігін жайылымға шығарып, күнделікті күйбең-тірлігін жасап отыр. Ірі қара мал басы 5373, жылқы - 1522, қой-ешкі саны сегіз мыңнан асады. Бір айта кетерлігі атаулы әлеуметтік көмек алатын бірде-бір отбасы жоқ мұнда. Ауыл әкімі С.Мұқановтың айтуынша, жұмысқа жарамды жастағылардың 417-і екі қолға бір күрек тауып, нәпақаларын айырып отыр. Жиырмадан астам шаруа қожалығы тіркелген.
Үкіметіміздің қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларының жемісі бұл жаққа да жеткен. Ауыл шаруашылығына қолайлылығын ескерсе керек, таяуда елордалық кәсіпкерлер келіп, мал шаруашылығын дамыту бағытында тың жобаларын ұсыныпты. Соған сәйкес, жақын болашақта алты мың басқа арналған кешен бой көтеріп, жалғасы іспеттес мал бордақылау, асыл тұқымды түлік басын арттыру мәселелері шешімін табады деп күтілуде.
«Таза ауызсу» бағдарламасы шеңберінде ауқымды істер қолға алыныпты. Алыс-жақындағы ағайын-туыспен байланысты оң жолға қойған. Телефон желісі жұмысына тұрғындар ризашылығын білдіруде. Келер жылы округке қарасты Ақши ауылында клуб салу да ойда бар. Ауылды көріктендіру және көгалдандыру шеңберіндегі санитарлық тазалық жұмыстарының қызу жүріп жатқанына өзіміз куә болдық.
Тұрғындарды толғандырған мәселелер ретімен жүзеге асырылып, тілек-өтініштері өз кезегімен қанағаттандырылуда. Рас, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Ұзынбұлақ халқын алаңдатқан дүниелерді біз ұзынқұлақтан естіген емеспіз. Өткен жылы барғанымызда медицина саласында орын алған кейбір кемшіліктер жайлы құлаққағыс болғанбыз. Қашанда оқырман таңдауы мен талғамын бірінші кезекке қоятын біздердің араға уақыт салып бұл ауылға қайта ат басын бұруымыздың басты мақсаты да осы еді.
Жалпы алғанда, тұрғындар ауылдағы денсаулық сақтау мекемесінің жұмысына риза. «Жанайқайға» салуларына аудандық аурухана қызметкерлерінің ауылдықтарға қызмет көрсетудегі немқұрайдылықтары себеп болған. Жер шалғай деп қарамастан «басы ауырып, балтыры сыздаған» жандарға жылы қабақ таныта алмаған. Оның үстіне бұларға бұйырған «жедел медициналық жәрдем» көлігінің де тозығы жеткендігі жандарына батқан сыңайлы.
Бүгінде сала қызметінде алға ілгерілеушілік байқалады. Ауданға жаңадан бас дәрігер келіп, ұзынбұлақтықтардың өтініш-тілектерін орындау бағытында біраз істерді тындырып үлгеріпті.                  
 – Біз  тұрғындар шағымына орай, жедел жәрдем көлігін күрделі жөндеуге 130 мың теңге қаражат бөлдік. Бұйыртса, 2012 жылы жаңа автокөлік те беріліп қалуы керек. Бұдан өзге де атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Медициналық көмек қажет еткен жандар келгенде бірінші кезекте шалғай ауыл адамдарына қызмет көрсетіледі. Рас, жекелеген азаматтар Қарағанды облысының көршілес Молодежный кентіне де барып ем-дом алады. Бірақ, бұл аудан дәрігерлеріне сенімсіздіктен емес, тағы да сол жолдың алыстығынан,- дейді аудандық емхананың бас дәрігері Төлеген Қадыров.
Күзде барғанымызда жолыққан ауыл қарттары ішінен Орынбай Ақылов ақсақалды іздедік. Сапарымыздың мақсаты мен мән-жайын айтқанымыздан кейін ел ағасы жоғарыда келтірілген дәйектерді растады.
- Өз басым сусамыр (сахарный диабет) дертіне шалдыққан жанмын. Жылына екі мезгіл ауруханаға жатып шығамын. Қазір, Құдайға шүкір, бұрынғыдай емес, аудандық аурухана берген жолдамамен облыс орталығына барып та ем аламыз. Жалпы, ел тыныш, жұрт аман. Шыны керек, біздің ауылдың да өз ерекшелігі бар. Үлкен-кіші, кәрі-жас түгелдей дерлік ынтымақшыл. Қуантарлығы жастарымыз жат қылықтан аулақ. Алла тағалам осы ырыздығымызды көпсінбесе болғаны,- деді ағынан жарылып.
Тағы да бір атап өтерлігі, ақсақалды жеке қабылдаған аудандық емхананың бас дәрігері қарияға қажетті глукометр аппаратын тегін жеткізіп беретіндігін айтты.
Былтыр көтерілген мәселенің бірі – Молодежныйға апаратын жолдағы көпірдің жоқтығы еді. Ауыл әкімі бұл мәселенің аудан басшылығының тұрғындар алдындағы есебінде де көтерілгендігін айтты. Алайда, проблема нүктесін қоюға аудан бюджетінің қалтасы көтермейтіндігі тағы белгілі. Сондықтан да, мұны уақыт еншісіне қалдыра тұру абзал болатын шығар.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ, оқырманмен арадағы байланыс көпірін нығайта түсу мақсатындағы мұндай кездесулердің екіжақты тиімді екеніне көзіміз әбден жетті. Бұрындары із салған жерге қайта оралу газетіміздің жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесінде бар дүние. Сол себепті де, мұның игілігі болатыны сөзсіз.   


Жұмабек СМАНОВ,
Баянауыл ауданы, Ұзынбұлақ ауылы.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21
23 24 25 26 27 28 29
30 31