Бұрнағы күні аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен Павлодар облысында тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында Павлодар, Лебяжі аудандары мен облыстық әділет, ішкі істер департаменттері, сот кеңсесі, сондай-ақ, облыстық халыққа қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтардың басшылары сөз алып, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңды жүзеге асыру барысында атқарылған іс-шараларды баяндады.
Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бәстенов өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынғанын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасының халыққа Жолдауында мемлекеттік тілді дамытуға ерекше мән берілгенін ескере отырып, биыл тілді дамытуға бөлінетін қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейетінін мәлім етті. Тағы бір айта кетерлігі, былтыр облыс әкімі қазақ тілінде шығатын басылымы жоқ бірқатар аудан әкімдеріне мемлекеттік тілде газет шығару жөнінде тапсырма берген болатын. Аталған міндетті бірінші болып Павлодар ауданы орындаған екен. Ауданда атқарылған шара көп. Алайда, кемшін тұстар да жоқ емес. Айталық, халқының 68 пайызын қазақ ұлты өкілдері құрайтын өңірде бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беретін қазақ балабақшасы жоқ. Бұл мәселені облыс әкімі сынға алып, егемен еліміздің ертеңі болар жас ұрпақ ана тілінде тәрбие алса ғана, туған тілдің көсегесі көгеретінін қадап айтты.
Бұдан соң Лебяжі ауданындағы мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы сөз болды. Аудан әкімі Серік Әпсалықов өңірде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталған шаралар жиі ұйымдастырылып, апта сайын тіл үйрету үйірмелері жұмыс істейтінін алға тартты. Аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев 2001-2009 жылдар аралығында осы ауданнан бірде-бір мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін оқыту курсына жіберілмегеніне сын айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдерінің ресми сайттарында қазақша мағлұматтардың өте аз екендігі, тіпті, болған күннің өзінде сауатсыз, қателерден көз сүрінетіндігі өткір сыналды.
Отырыста аудандармен қатар департаменттердің де «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның орындалуына қосқан үлесі әңгіме болды. Бұл ретте облыстық әділет департаментінде ауқымды жұмыстардың тындырылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, осы департамент пен оның қалалық, аудандық басқармаларының барлығы іс қағаздарын 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен. Мекеме жұмысшыларының мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетуі үшін үнемі ашық сабақтар өткізіліп тұрады. Атап өтерлігі, қазір департаментте аудармашы атымен жоқ, қызметкерлер қос тілде де жұмыс істеуге қабілетті. «Біз мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында қолымыздан келген жұмыстардың барлығын жасаудамыз. Веб-порталымыздағы ақпараттар да қазақ тілінде. Ең бастысы, мамандарымызды мемлекеттік тілде еркін қызмет көрсетуге үйреттік», - деді аталмыш департамент басшысы Ғалия Жолдыбаева. Облыс әкімі әділет департаментінде мемлекеттік тілді дамытуға байланысты атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, өзгелер одан үлгі алуы керектігін тілге тиек етті. Келесі кезекте облыстық ішкі істер департаментінің жұмысы қаралды. Қуантарлығы, бүгінде мұндағы 2 мыңнан астам полиция қызметкері мемлекеттік тілді оқып, үйренген екен. Сондай-ақ, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында да мемлекеттік тілді үйретуге байланысты атқарылған жұмыстар баршылық. Мекеме директоры Мәдениет Ахметовтың айтуынша, тұрғындардың өтініштерін, құжаттарын қабылдау ісі екі тілде жүргізіледі. Қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуімен қатар қазақ халқының мәдениетін танып, білуі үшін ұжымда ұлттық мейрамдарды мазмұнды атап өтуге ерекше мән беріледі. Аймақ басшысы мемлекеттік тілге деген құрметті ұрандатып ойын-сауық, концерт өткізуден гөрі нақты іспен көрсете білген жөн екенін баса айтты.
Облыстық жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықта да қазақ тілін дамыту мақсатында қолға алынған игі бастамалардың бар екендігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Қазақ тіліне көшуі баяу, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші төмен аудандармен жұмыс істеу керек. Сонымен бірге қазақ тілінде газет шығаруға байланысты менің тапсырмамды Павлодар ауданы ғана орындады. Успенка мен Железинка аудандары екінші жартыжылдықта жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы мәселеге қатысты өзге өңірлердің де ойланғаны жөн. Тағы бір айта кетерлігі, былтыр кітапханалардың қорын арттыруға байланысты тапсырма берілген. Бұл мәселе де өзгеріссіз қалып отыр»,- деп тиісті мекеме басшыларына қатаң сын айтып, өңірде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жұмыстарды ширату қажеттігін тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР.

