Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Владимир Берковский БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында жарты жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алда жүзеге асатын мәселелер жөнінде мәлімдеді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, облысымызда 26600 жұмыссыз бар, 1230 адам жұмыс істеуге қабілеті аз адамдар, сонымен қатар 1800 бос орын бар. 3500 адам уақытша қызметте. Әр жыл сайын облысымыздағы жұмыссыздық саны 0,2 пайызға қысқаруда. Бұл – аймағымызда жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен кеңеюіне байланысты.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 29,1 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Олардың қатарында 11,3 мың адам «Жол картасы» бойынша қызмет етуде. В.Берковский жетістікке жетудің бір жолы – «Жол картасы» деп атап өтті. Бірінші жартыжылдықта 17,3 мың адам жаңа қызметке орналасты, бұл пайыздық көрсеткіште 59,5-ті құрайды.
Аймақ көлемінде 167 нысан жөндеуден өтеді деп жоспарланған болатын. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 есе аз. «Сапасыз көп жұмыс жасағанша, сапалы аз жұмыс жасаған артық»,-дейді басқарма бастығы. Бүгінде 34 нысанның құрылысы аяқталды. Мұнда қызмет атқаруға 6137 адам қажет делінген, ал нақты деректер бойынша, бұл көрсеткіш 6154-ке жетті. Айлық еңбекақы мөлшері 10 пайызға өсіп, орташа есеппен 37,5 мың теңгеге жетті. Жұмысшылар ең кем дегенде 25 мың теңге қаражат табады. Атап өтерлігі, 24 пайыз адам тұрақты жұмысқа қалдырылды.
Ерекше назарға алынатыны – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының жүзеге асуы. Мұнда 800 жас жұмыспен қамтылған. Мамандықтары бойынша кәсіптік білім алған студенттер мемлекет тарапынан жұмысқа орналасады. Оларға жалақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді, бұл сома - 25 мың теңге. Өткен жылы осындай бағдарлама нәтижесінде 70 пайыз жас тұрақты қызметке қабылданды.
Облысымызда 114 мың адам әлеуметтік көмек алады, бұл - әрбір жетінші тұрғын.Осындай көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2401 адамға, 869 отбасына кеміді. Оларды қаржылай қолдау үшін 1,5 млрд. теңге қарастырылған. Мұндай қаржы ай сайын 4800 теңгеден аз кіріс кіретін отбасыларға беріледі. Қуантарлығы, облысымыздағы 80 пайыз жанұя әлеуметтік көмекке зәру емес. Ал аз қамтамасыз етілгендер саны 0,43 пайызды құрайды. Республика көлемінде бұл жақсы көрсеткіш. Мұндай нәтиже әр жыл сайын төмендеу үшін өзіндік жұмысты қолдау мақсатында оларға арнайы қаржы бөлінеді. Алғашқы алты айда осындай көмекке 102 отбасы ие болды. Оларға бөлінген ақша – 8,9 млн. теңге.
Биыл Ұлы жеңістің 65 жылдық мерейтойы қарсы алынды. Осыған орай соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері ерекше мақтау мен мадақтауға ие болды. Республика бюджетінен әр ардагерге 65 мың және облыс бюджетінен 65 мың теңге сыйлық ретінде берілді. Олар тұрғын үй коммуналдық төлемдерден босатылды. 98 ардагерге үй берілмек. Екібастұз қаласында алты ардагер пәтер кілттерін алса, павлодарлық ардагерлер құрылысы бітуге таяп қалған үйден орын алады. Аталған үйден 92 пәтер ардагерлерге беріледі. Бірінші қабатында қызмет көрсету орталығы болады деп жоспарлануда. «Облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар Қарағанды, Мойылды, Алматы; Шымкент қалаларындағы демалыс орындарында сауығуға мүмкіндік алды. Оларға денсаулықтарын нығайту үшін барлық жағдайлар жасалған. Медициналық көмектің көрсетілуімен олардың басым бөлігі барып та келді. Барлығы осындай игі жақсылықтар жасалып жатқанына дән риза»-деді басқарма бастығы Владимир Александрович. Сонымен қатар, басқарма бастығы мүмкіндігі шектеулі жандар өз жағдайларын асыра пайдаланады дегенді тілге тиек етті. Мәселен, Шлычков Сергей есімді азамат мүгедектігін ұзарту жөніндегі құжаттың орнына, мерзімсіз төлқұжат беруін талап еткен. Алайда, сот шешімімен бұл құжат расталмады. С.Шлычков электр энергиясын пайдаланғаны үшін жасауы тиіс төлемді мемлекет төлесін деп осымен үшінші рет аштық жариялады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері 40 мың теңге қаражатты жинап беріп, қарызды жапқан. «Осындай жандардың мәселесі бізге ауыртпашылық тудырады. Заң жүзінде мұндай көмектерді көрсетуге тиіс емеспіз» - дейді В.Берковский.
Өткен жартыжылдықта бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізген жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы алдағы уақытта да осындай қарқынмен жұмыс істемек. Нәтижесі ауыз толтырарлықтай болады деген сенімдеміз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

