Павлодар облысының журналистер ұйымы Ресейдің Новосібір облысындағы әріптестерімен тығыз байланыста. Әсіресе, соңғы 3-4 жылда журналистер делегациялармен алмасып, бір-бірінің іс-тәжірибелерімен танысып, қарым-қатынас орнатты. Мыңға жуық мүшесі бар. Жылда «Журналистика – категория нравственная» («Журналистика – адамгершілік категориясы») атты халықаралық конференция өткізеді. Өз ұйымының мүшелерінің шығармашылық талпыныстарын қолдай отырып, публицистикалық және әдеби туындыларынан кітаптар шығарады. Журналистер арасында әртүрлі конкурстар ұйымдастырады, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпаттар жасалады. Тіпті, ұйымның «За вклад в отечественную журналистику» («Отандық журналистикаға сіңірген еңбегі үшін») атты 3 дәрежелі ордендері де бар.
Осыдан үш жыл бұрын екі облыстың журналистік ұйымдары арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған декларация қабылданған болатын. Соның аясында 2008 жылы новосібірлік журналистер Павлодар облыстық «Бас редакторлар клубы» мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының жетістігі мен кемшілігі» атты халықаралық конференцияға қатысқан болатын. Айта кеткен жөн, ол конференцияға көршілес Омбы облысы және Алтай өлкесінің журналистер ұйымының өкілдері де қатысқан. Келесі жылы біздің облыстың журналистері Новосібірде болып, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түсуге үлес қосты.
М.Омаров,
Павлодар-Новосібір-Бийск-Сростки-Белокуриха-Павлодар,
Суреттерді түсірген автор.

