Журналистердің кәсіби мерекесіне орай жұма күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік клубында салтанатты жиын өтті. Шара барысында аймағымыздың бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдеріне Қазақстан журналистер Одағы Павлодар облыстық филиалы атынан «Жылдың ең үздік шығармашылық жұмысы», «Журналистика ардагері», «Дебют» аталымдары бойынша арнайы және ынталандыру сыйақылары табысталды. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы ПМУ белсенді журналистерге арнайы сыйақылар тапсырды. Осы шарада облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының өңір журналистері арасында жариялаған байқауының нәтижесі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
Аталған университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын, республикалық Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігі өңірлік бөлімінің төрағасы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Бас редакторы Мұхит Омаров, Қазақстан Журналистері Одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің Бас редакторы Юрий Поминов, «Қазақстан-Павлодар» ТРК басшысы Марат Ибраев қаламгерлерді мерекемен құттықтады.
Ел журналистикасының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Бас редакторы М.Омаровқа «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісі табыс етілді. Газетіміздің бас редакторының орынбасарлары Асыл Әбішев пен Мұрат Аяғанов, фототілші Төлеген Нұрғазин және тілші Ақмарал Есімханова түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Ал газет шолушысы Нұрбол Жайықбаев жоғарыда аталған байқаудың жеңімпазы ретінде арнайы сыйлықты иемденді.
Өз тілшіміз.

