Таяуда бастан кешкен мына бір жайтты жұртшылық біле жүрсін деп жазып отырмын. Алпыстың алтауына келіп, осындай «қызыққа» куә болам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді.
Марқұм болған баламның дұғасына союға қой іздеп, базарға келсек, «Қой» деген жазуы бар қызыл түсті көне машина тұр екен. Ұлым жолығып иесінен мән-жайды сұрасты. Содан әлгілердің айтуымен қала шетіндегі бір орынға барсақ, сойылған үш қой ілулі тұр. Әлгі қойлардың біреуі үрген қарындай жұп-жұмыр әрі керіліп тұрған соң үлкен болып көрінді. Ал тірі қойлар арық екен. Қойды не мақсатпен алып жатқанымды айтып едім, сатушылар: «Қойды біссмилласын айтып, дұрыстап сойдық, еті адал, семізі де осы, өзі жас»,-деп бәйек қақты. Ақыры үлкенін таңдап алдық.
Үйге келгеніміз сол-ақ еді, көршім, «Үй, мыналарың насоспен үрленген қой ғой!»-деп салғаны! Айтса айтқандай, етін бұза бастағанда, бұл сөздің шындығына көзіміз жетті. Еттің бәрі көпіршіктеніп, жіліктері қалақтай болды. Сұмдық-ай! 30 мың теңгеге алған «семіз» қойым көз алдымда сүмірейді де қалды! Оның үстіне, еті де қап-қатты болып пісіп, тіс батпай (сөйтсем, кәрі қой екен) табаққа салғанда да көріксіз болып тұрды.
Қазір ақшада да құн жоқ, адам баласынан да ар-ұят, қанағат-нысап, тәубешілік азайған ба деп, өзімді-өзім жұбаттым. Менің жаныма зейнетақымнан жиып жұмсаған қаражатымның осылай өкінішпен жұмсалғанынан гөрі адамдардың арсыздығы қатты батып отыр. Өмір болған соң, той мен жиын, жабдық та қатар жүреді. Сондай кезде басқа жұрт мен сияқты алданып қалмаса екен деген ниетпен жазып отырмын.
Т.РЫМКЕШ.
Екібастұз қаласының тұрғыны.

