Халқымыз ежелден пайдаланатын Тәңірлік, айлық (лунный) немесе жалпы Шығыстық күнтізбе 12 жылдық циклден тұратыны баршаға белгілі. Өйткені, Күннің аспан белдігіндегі бір жылдық қозғалыс шеңберін Юпитер планетасы тек 12 жылда 1 рет толық айналып өтеді. Сондықтан, бұл күнтізбе - ғарыш заңдылықтарынан туындаған, ғылымға негізделген және ғасырлар бойы тексеріліп, дұрыстығы тәжірибеде дәлелденген маңызды мерзім өлшемі. Мүшелдің он екі жылы абстракциялық түрде 12 хайуанаттың атымен аталады. Олар: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит және доңыз. Өткен ХХ ғасырдың ортасынан бастап дүниежүзінде Шығыс күнтізбесіне қызығушылық артып келеді. Бұл - оның өміршең және сұранысқа сай екендігінің белгісі. Сондықтан, мүшелді ғұмырнама компасы ретінде күнделікті тұрмыста пайдалануға әбден болады. Мерейтойларға себеп болып жүрген дөңгелек даталар нөл мен 5-ке аяқталғанымен, олар өмір кезеңдерінің сырын ашпайды.
Ғылыми тұрғыдан қарағанда мінез-құлықтың негізі - адам темпераментінің барынша контрасты, яғни айшық түрлері жетеу. Олар: эмоциялы (әсершіл-күйгелек), динамикалы (албырт-жайдары), лабильді (жылпос-елгезек), пластикалы (биязы-жалтақ), статикалы (сабырлы-маңғаз), инертті (қыңыр-тұйық) және сенситивті (өкпешіл-сезімтал).
Біз өзіміздің арамыздағы қарым-қатынаста мінез-құлықтың әртүрлі типтерімен ұшырасып отырамыз. Олар темперамент типтерінен туындайды. Мысалы, аса жоғары эмоция мен импульсивтілік адамды эмоциялық типке, сенситивтілік пен жасқаншақтығы үстем болғанда - сенситивтік және пластикасы мен конформділігі басым жағдайда - пластикалық типке жатқызуға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, қылық типтері мен мінез типтері темперамент типтеріне тікелей тәуелді.
Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ,
психофизиолог.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 30 маусымдағы номерінен оқи аласыз)

