Өңіріміздегі мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуы қандай деңгейде? Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысында осы сауалға жауап ізделді.
Мемлекеттік тілдің дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса назар аударып отыр. Президент өзінің биылғы Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс екенін де қадап айтты. Бүгінде осы бағытта өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда, нәтиже шамалы. Алқалы жиында бірқатар аудан және облыс басқармалар басшыларының есептерін тыңдаған аймақ басшысы осылай деп атап көрсетті. Май ауданы әкімінің орынбасары Айтуған Шайхымов өңірде іс қағаздары 98 пайыз қазақ тілінде жүргізілетінін жеткізді. Алайда, бұл жақта шешімін таппай жүрген мәселелер де баршылық. Мәселен, аудан әкімінің интернеттегі сайты тек қана ресми тілде жұмыс істейді. Сондай-ақ, жаңалықтар уақытылы беріліп отырмайды. Бақытжан Әбдірұлы әкім орынбасарынан осының мәнісін сұрады, А.Шайхымов «ол жағына мен жауапты емеспін» деп жалтарды. Облыс әкімі: «Басшылық қызметте болғасын ауданның тыныс-тіршілігін бес саусақтай білуге тиіссіз. Қандай шаруа болмасын сіздің құзырыңыз арқылы жүргізіледі. Бұл мәселе бір апта ішінде оң нәтиже беретін болсын» деп тапсырма берді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 30 маусымдағы номерінен оқи аласыз)

