Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының кезекті маусымы жабылды
Павлодар өңірінің мақтан тұтар мәдениет ошағы, ұлт өнерінің абыройын асқақтатқан Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының жиырма бірінші маусымы салтанатты жағдайда жабылды. Бұл күні өнер ордасының киелі сахнасында И.Штраустың «Жарғанат» опереттасы сахналанды. Көрермен көңілін жадыратқан кешке облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Аймақ басшысы театр ұжымын кезекті театр маусымының жабылуымен құттықтап, өнер шаңырағының жетістіктері жемісті, өнердегі орны баянды болуын тіледі.
Естеріңізге сала кетсек, театрдың 21-ші маусым шымылдығы оперетта шебері, австриялық композитор И.Штраустың осы туындысымен ашылған болатын. Басты рольдерді сомдаған актерлер қатарында ҚР мәдениет қайраткерлері М.Байжұманов, Т.Атамбек, Д.Ұябай, Г.Қайырбекова, Б.Шәнім, С.Бекболатов, А.Таспаева, Т.Әбдірахимова, Р.Нығманов, Б.Тоқатов, Д.Әділ, Қ.Қарымсақов болды. Үш бөлімнен тұратын опереттаның қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Тәпенов. Барлық әртістер өздеріне сомдаған рольдерін мінсіз орындап, көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды.
А.ЕСІМХАНОВА.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 2 шілдедегі номерінен оқи аласыз)

