Әулиелі Ақкөл-Жайылма жерінде орналасқан Исабек ишан хазіреттің кесенесі бүгінде әбден ескірген. Қасиетті бабаның аруағына тәу етіп, дұға тілеуші тұрғындар қатары үзілген емес. Қарапайым халыққа ізгілік нәрін сіңірген хазіреттің кесенесін қайта жаңғырту мақсатында ел азаматтары жиналып, осыдан біраз уақыт бұрын қайырымдылық қоры құрылды. Былтыр бірқатар демеуші ағайындарды тартып, кесене жанына заманауи үлгідегі бірнеше бөлмеден тұратын шырақшы үйі тұрғызылды. Енді қордың ұйытқы болуымен Исабек ишанға және Жандарбек қожаға кесене салынбақ. Павлодар облысының бас сәулетшісі Марат Қабдуәлиев мазар маңың көріктендірудің сұлбасына атсалысуда. Кесене құрылысының жобасына Маңғыстау облысының бас сәулетшісі қатысты. Шілде айының ортасында сол елден кәсіби маман құрылысшылар келіп, құрылыс жұмыстары басталмақ. Қазіргі күні құрылысқа пайдаланылатын маңғыстаулық ақ тас жеткізілді.
Осы күнге дейін кесене құрылысына қаражат жинау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Облыс ішінде бірнеше қайырымдылық шаралары өткізілді. Бір қуантарлығы, қайырымды, сауапты бастаманы көпшілік құптап, қолдарынан келгенше қаржылай көмектерін көрсетуде. Павлодар қаласында өткен қайырымдылық шарасында жанашыр ағайындар 2 миллион теңгеден астам қаржы жиып берсе, Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының әрқайсысы қордың есепшотына 1 миллион теңгеге жуық қаражаттан аударды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұжымы 1 күндік еңбекақысын аударды және облыс орталығында өткен қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға белсене атсалысты. Осымен бірге әр өңірдегі қайырымдылық концерттерін өткізуге көп септігін тигізді. Әншілер Ербол, Қайрат, Талғат Айтбаевтар мен Амангелді Қожановқа, Медғат Манапов пен Әсел Ботаеваға және концерт жүргізушісі Серік Заңовқа, қайырымдылық шараларына мұрындық болған Екібастұз қаласының әкімдігіне, ақсақалдарына, Ақтоғай ауданының азаматтары Сәмет Мағзұмов, Қайыржан Ғалымов, Қайыржан Әбісалықов, Бәри Куватов, Аманжол Нүкеновке, жергілікті билікке қор алқасы ризашылық білдіреді.
Қорға ерекше қайырымдылық көрсеткендер арасында«Қазақстан алюминийі» және «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамдарының президенті Алмаз Ибрагимов бар. Алматы қаласының тұрғыны Ғаббас Бектұров, павлодарлық зейнеткерлер Құдайберген Пішенбаев, Балтабай Нәжімиденов, кәсіпкер Роман Романов, «СМР-Павлодар» ЖШС-нің басшысы Серікбай Бояубаев айтарлықтай демеушілік жасады. Екібастұздық кәсіпкер Тасболат Абуғужинов кесене құрылысын жүргізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, оны өзі жеткізіп, арнайы көліктерін де ұсынды. Ол бұған дейін Екібастұзға қарасты Ақкөл ауылындағы Исабек ишан мешітін өз қаржысына тұрғызған.
Жақында Сапарғали Байболатов хазіреттің аруағына арнап ас берді. Ал Манат Алғамбаров кесене жанына құны 2,5 миллион теңге тұратын желдің күшімен айналатын электр қозғалтқышын құрып беретін болды.
Қайырымдылық қорының шаралары құрылыс жұмыстарымен ғана шектелмейді. Әулиелі Ақкөл өңірінің елі мен жері, өткен тарихы, қожалар шежіресін зерттеп, жеке-жеке кітап етіп шығару қордың жоспарында. Осы тұрғыда әдеби, тарихи, ғылыми еңбектерге ғалымдар, жазушылар, ақындар арасында байқау ұйымдастыру да көзделуде.
Киелі жандардың рухы желеп-жебеп жүрсін деген ниетпен жүзеге асып жатқан Ақкөл –Жайылма жеріндегі игі іске атсалысып, ақшалай көмек көрсетемін деген ақжүректі азаматтарға, кәсіпкерлерге, кәсіпорындар мен мекеме басшылары үшін төменде қордың реквизиттерін ұсынамыз:
«Исабек Ишан» хазірет атындағы қайырымдылық қоры.
Есеп шотының нөмірі: (ИИК) KZ 718560000004076789
СТН (РНН) 451500267096
БИН 100940008980
КБЕ-18, КПН-859
Банктің атауы: «БанкЦентрКредит» АҚ, Павлодар қаласы.
«Исабек Ишан» хазірет атындағы қайырымдылық қоры.

