Елін, жерін, Отанын сүю – әрбір азаматтың абыройлы парызы. Тәуелсіз еліміздің әнұраны ойнала бастағанда оң қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып тұрып, бойымызды ерекше бір отансүйгіштік сезімнің билейтіні де - зор қуаныш. Ал балалар бақшасындағы бүлдіршіндеріміздің жанарынан Отанына деген сүйіспеншілікті байқағанда ет-жүрегің елжіреп кететінін несіне жасырайық.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, төрткүл дүниедегі барша халық мемлекеттік рәміздерін өзінің ұлттық болмысына сай жасағанын көреміз. Ұлан-ғайыр даласын ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтап, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы атқан тұста қазақ елі де осы дәстүрді берік сақтай білді. Мемлекеттік рәміздер ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын ескере отыра аңыздарға негізделіп жасалды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көгілдір аспан түсін тегін таңдамаса керек. Геральдика тілімен айтсақ, бұл түс ежелден бірлік, бейбітшілік, тыныштық, жайлылық пен адамның адалдығының символы ретінде қарастырылады. Ал тудағы ою-өрнектің түсі сабырлылық пен молшылықты білдіреді.
Жұмабек Сманов.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 5 шілдедегі номерінен оқи аласыз)

