Астана күні қарсаңында Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайының аумағына бес мыңнан аса бозқараған (сирень) ағашы отырғызылды. Облыстық және қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған акцияға «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтары облыстық штабы мен «Жасұлан флора» ЖШС-нің өкілдері белсене атсалысты.
«Павлодар – гүлденген қала» ұранымен өткен шараның алғашқы күнінде 1600 түп көшет отырғызылды. «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтары облыстық штабының төрағасы Нариман Әбілшайықов: «Ағаштарды отырғызуға 800-ден аса жеткіншек жұмылдырылған. Бозқараған көшеттерін егіп қана қоймай, олардың өсуін үнемі қадағалап отырамыз. Акция 30 тамыз - Конституция күніне дейін жалғасады. Жаздың шілде-тамыз айларында отырғызған ағаштарды күн сайын суарып, тыңайтқыштармен залалсыздандыруды жоспарлап отырмыз»,- деді.
2006 жылдан бастап гүлдер мен ағаштарды өсірумен айналысатын «Жасұлан флора» ЖШС Павлодар қаласының орталық көшелерін өз өнімдерімен айрықша сәнге бөлеген. Серіктестік директоры Жұмагүл Омарованың айтуынша, «Жасұлан флора» жыл сайын көшет отырғызу жұмыстарымен айналысады. «Студент жастармен үнемі тығыз қарым-қатынастамыз. Ел келешегі үшін мұндай акциялардың тигізер пайдасы мол», -дейді Ж.Омарова.
Облыс орталығындағы №8 кәсіптік лицейдің бірінші курс студенті Айдар Жұмабеков биыл алғаш рет «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасағында жұмыс істеуде. Ол өзі отырғызған жасыл желектер әрқашан көзіме ыстық болып тұрады дейді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

