Павлодар облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындыларын жариялау мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.
Департамент директоры Ерсайын Рахимов құрылымның қандай бағыттар бойынша жұмыстар атқарғандығы туралы айтты. Мемлекеттік еңбек инспекциясын бақылау, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және тұрғындарды зейнетақымен қамтамасыз ету салалары бойынша атқарылған жұмыстар қорытындылары аталмыш жиын барысында қамтылды.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік еңбек инспекторлары облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталуы жөнінде 617 тексеріс жүргізген. Тексерістер барысында 2810 заң бұзушылық анықталған. Нақтырақ айтсақ, еңбек қатынастары туралы – 1628, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы – 1155, тұрғындарды жұмыспен қамту туралы – 27 заңбұзушылық фактілері тіркелген. Атқарылған тексеріс жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілерге 597 ұйғарым беріп, бақылауға алды. Ұйғарымдар бойынша жұмыс берушілер еңбек заңнамасына сәйкес 2325 бұзушылықты жойды. Жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» Кодексінің 550 бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторларымен 107 әкімшілік іс қаралды.
Есептік кезең бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметкерлері азаматтардың 806 хаты мен өтініштерін қарады. Соның ішінде еңбек заңнамасы туралы – 740, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы – 63, тұрғындарды жұмыспен қамту туралы – 3 хат пен өтініш қарауға алынған. Айта кетерлігі, атын жасырып жазған тұрғындардың хат немесе өтініштері қаралмайды. Сондықтан, белгілі бір мәселеге байланысты шағымдар мен ұсыныстар болса, шағымданушының аты-жөні толықтай берілуі маңызды болып табылады.
Медициналық-әлеуметтік сараптамалық аймақтық бөлімдері өткізген куәландырулар бойынша ересектер арасында мүгедек болып 1188 адам, ал балалардың арасында 204 бала танылды. Аталған көрсеткіштер алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 адамға төмендеген. Мүгедектікке алғашқы рет шығу құрылымында ересектер арасында келесі аурулардың түрлері байқалды: қан айналым жүйесінің аурулары – 288, қатерлі ісіктер – 252, түрлі жарақаттар – 164. Мүгедек болып танылған 1118 ересектің 187-і – бірінші топқа, 667-і – екінші топқа және 334-і үшінші топқа жататындар. Облыс бойынша алғашқы мүгедектіктің өсуі, яғни бірінші және екінші топ мүгедектері болып танылғандар үлесі 62,1% құрады.
Баспасөз мәслихатында департамент басшысы үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысына сәйкес зейнетақы тағайындау істері бойынша барлығы 36556 төлемақы бекітілгенін мәлімдеді. Зейнетақы төлемдері бойынша жартыжылдық мерзімде 3859 іс бекітілген. Соның ішінде 3321 істі құрады.
Баланың тууына және күтіміне байланысты жәрдемақыларға 2571 төлем тағайындалды. Әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар бойынша 9484 іс қаралды. Олардың ішінен еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша – 1038, асыраушысынан айырылу бойынша – 250, жұмысынан айырылу бойынша – 422 іс қараудан өткен. Төлемдердің осы түрлері бойынша тағайындауға қатысу өтілінің немесе табысының жеткіліксіз болуы себебінен 334 іс бойынша шешім шығарылған жоқ.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

