Президент тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарына көмек көрсету ісі жалғасын табуда. Биылғы алты айда Павлодар қаласы бойынша 246 отбасына 8,7 млн. теңге сомасында мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 4,5 млн. теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленді. Жалпы сомасы 23,4 млн. теңге болатын тұрғын үй көмегі 2709 отбасына берілді. Атап өтерлігі, әлеуметтік көмек жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша жекелеген мұқтаж азаматтарға да көрсетілуде.
Сонымен бірге, облыс орталығында жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған жүйелі істер атқарылуда. Жалпы алғанда, үстіміздегі жылы қала кәсіпорындарында 617 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. «Жол картасы» шеңберіндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша 3437 жаңа жұмыс орны құрылды. Осындай істердің нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша Павлодар қаласы тұрғындарының ақшалай табысы 26,6%-ға артып, орташа есеппен 41401 теңгені құрады, жұмысшылардың орташа жалақысы да 18%-ға өсті (67317 теңге). Жергілікті еңбекпен қамту органының мәліметі бойынша, қазіргі кезде облыс орталығында жұмыссыздық деңгейі 6,2%-ды құрайды.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

