Еліміздің кітап қоры өлкетану ісіне сүбелі үлес қосатын тағы бір тамаша кітаппен толықты. «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Баянауыл» атты кітап жарық көрді. Кітап авторы тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев. Қай қырымен ерекше, топырағы асыл, талай-талай қазақтың маңдайалды таланттарын тудырған қасиетті өлкенің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін, осынау өңірдің барша ерекшеліктері, ел мен жердің бай шежіресі нақты дәйекті деректер арқылы жүйелі баяндалған кітапта өмірі Баянауылмен өзектес өрілген тұлғалар жайлы да тың деректер молынан берілген.
Кітаптың беташар рәсімінде сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев: «Жалпы, Жамбыл Артықбаевтың еңбектерінде дәйектемелік басым, сонысымен де құнды. Маған оның осы «Баянауыл» кітабында да ел арасында айтылып жүрген аңыздарға дәйектемелік тұрғыдан талдау жасап, нақты ғылыми ой білдіргені ұнады. Кітаптың Қазақ тарихына тамыздық болатындай тарихы бар» - деп, автордың еңбегін жоғары бағалады. Кітаптың беташарына қатысқан жазушы Дүкенбай Досжан да бұл еңбектің ғылыми негізде, жүйелі жазылғандығын атап көрсетті.
Кітаптың беташар кешінде жас әншілер Нұрболат Құсайынов пен Әсел Ботаевалар Баянауыл жеріне кіндік қаны тамған қазақтың дүлдүлдері Жаяу Мұса мен Жарылғапбердінің әндерін әуелете шырқап, келушілердің көңілін бір серпілтті.

