Биыл шетелдегі қандастарымыздың Отанына оралу көрсеткіші төмендеп отыр. Құзырлы орган өкілдері бұл өткен жылғы дағдарыстың салдары дейді. Дегенмен, үстіміздегі жылдың алты айлық көрсеткіші бойынша облысымызға 85 отбасы, 308 адам қоныс аударыпты. Олардың басым бөлігі Монғолия елінен келген.
Бүгінде ата жұртты аңсап келген қандастарымызға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Ал Үкіметтің бұл көмегін аймақтарда еліміздің Миграция бойынша комитетінің департаменттері үйлестіреді. Аталмыш органдар міндетіне шетел асып келген қандастарымызды тіркеп, оларға оралмандар мәртебесін беру, тұрғылықты мекеніне көшіру және мал-мүлкін тасып беру бойынша шығындарын өтеу, елімізге біржола қоныс аударған қандастарымызға тұрғын үй сатып алу үшін қаржы бөліп, біржолғы жәрдемақы төлеу сынды жұмыстар кіреді.
Жыл басынан бері облысымызға көшіп келген қандастарымыздың 170-сі еңбекке жарамды жастағы азаматтар болса, он екісі - зейнеткер. Қалғандары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар екен. Бүгінде оралман мәртебесін алған 75 отбасына жәрдемақылары толығымен төленіп, басқа да тиесілі көмек түрлері көрсетілген.
Өткен алты айда облысымыздың еңбекпен қамту мекемелеріне шетелден келген тек 58 қандасымыз ғана жұмыс іздеп, өтініш білдірген. Олардың 57-сі жұмыссыздар ретінде тіркеуге алынып, артынша 27 адам еңбекпен қамтылыпты. Жиырма адам қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылса, тағы он қандасымыз мамандарды даярлау және қайта даярлау курстарына жіберілген. Ойлап қарасақ, бұл - төмен көрсеткіш. Дегенмен оның да өз себебі бар көрінеді. «Өкінішке қарай, елге оралған қандастарымыздың арасында тиісті органдарға жұмыс іздеп келіп, өтініш білдіретіндер аз. Олардың көбі мал өсіріп, шаруашылықпен айналысуға бейімделген. Қоғамдық жұмыстарды атқаруға құлықсыз», - дейді Миграция бойынша комитеті Павлодар облыстық департаментінің бастығы Марат Жұмабаев.
Жалпы Отанына оралған қандастарымыздың әлеуметтік жағдайлары жақсы. Барлығы дерлік өз орнын тауып, қоғамымызға сіңісіп кеткен. Соның арқасында, биылғы жылды есепке алмағанда, жыл сайын елге оралған этникалық қазақтардың саны тұрақты сақталуда. Нәтижесінде, еліміз егемендік алған кезден бастап облысымызға барлығы 6548 отбасы, яғни 29 537 адам көшіп келген. Олардың басым бөлігі әсіресе Павлодар, сондай-ақ Екібастұз, Ақсу қалаларына және аталмыш қалаларға қарасты елді мекендерге қоныстанған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Себебі алыс, жақын шет елдерде әлі күнге дейін бес миллионнан астам қандастарымыз тұрып жатқан көрінеді. Отанына оралуға ниет білдіргендерге қолдау көрсету мақсатында елімізде өткен жылы қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасы жұмыс істейтіндігі белгілі.
Д.АЙТПАЙҰЛЫ.

