Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталықтың Павлодар
облыстық филиалының директоры осылай дейді
Журналисттердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталықтың Павлодар облыстық филиалы директоры Рысты Қанаева өткен алты айда іске асырылған шаралар туралы баяндады.
«Зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы арқылы республикалық бюджеттен зейнетақы және 30 түрлі әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Ал, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан еңбек қабілеттілігінен, асыраушысынан, жұмыстан айырылған жағдайда, жүкітілікке, дүниеге сәби әкелуге, бала 1 жасқа келгенге дейін күтім жасауға байланысты төлемдер жасалады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 11 260 әлеуметтік жеке шарттар берілді»,-деді Р.Қанаева.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында атап көрсетілгендей зейнетақы көлемі 25 пайызға ұлғайтылды. Нәтижесінде, ең төменгі зейнетақы – 12 344 теңгені, орташа – 21 500 теңгені және ең жоғары – 34 020 теңгені құрайды. Сонымен қатар, негізгі зейнетақы мөлшері бұрын 5 487 теңге болса, қазіргі кезде 5 981 теңгеге жетті. Осыны ескере отырып, ең төменгі зейнетақы 18 325, орташа – 27 481, ең жоғары – 40 001 теңге болып белгіленді. Ең төменгі зейнетақы 10610 зейнеткерге тағайындалды. Ал ең жоғары зейнетақыны 20 адам алады. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен зейнетақыны төлеу үшін 426 млрд. теңге және негізгі зейнетақы беру мақсатында 120 млрд. теңге қарастырылған. Ал әр сайын зейнетақы мен жәрдемақы төлеу негізінде 3,19 млрд. теңге бөлінеді. Бір қуантарлығы, 2011 жылы зейнетақының орташа көлемі 30 пайызға өседі деп күтілуде. Яғни, ата-апалардың көп жылдық еңбегі елеусіз қалмайды. Мемлекет әр уақытта оларға көмек көрсетері анық.
Рысты Мойылжанқызы: «Тұрғындар зейнетақы мәселесі бойынша жайбарақаттылық танытып отыр. Олар өздерінің жұмыс орындарынан зейнетақы қорларына бөлініп жатқан қаражаттар туралы анықтамайды, ал зейнеткерлікке шыққан соң «біз көп жыл еңбек еттік, тәжірибеміз бар, жалақымыз жақсы болды, бірақ зейнетақы аз» деген шағымдар айтады. Бұл – олардың өз қателіктері, өйткені зейнетақыға аударылып жатқан қаржыны үнемі қадағалап, бақылауда ұстап отыру керек» деп атап өтті. Сондықтан, халық арасында көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі кезде көп талқыланатын мәселелердің бірі – зейнеткерлікке шығу жасын төмендету. Бүгінгі күнге дейін ер адамдар 63 жасында, ал әйел адамдар 58 жасында зейнеткер атанып жүрді, алдағы уақытта да солай қала бермек. Себебі, аталмыш сауал төңірегінде Парламент Мәжілісінде немесе Үкімет отрыстарында сөз қозғалмады.
Жиын барысында Р.Қанаева Әлеуметтік сақтандыру мемлкеттік қорнынан төрт жағдай орын алған кезде ғана ақша берілетіндігін айтты. Бірінші, екіншғ топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар азаматтарға, адам дүниеден өткен кезде олардың жақын туыстарына, алыс немесе жақын шет елге кетіп, сол елдің азаматтығын алған адамдарға, зейнеткерлік жасқа келгендерге ғана төленеді.
ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес мемлекеттік кепілдік бойынша 2009 жылы және 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында 7637 адамға жалпы сомасы 188,7 млн.теңге қаржы берілді, бұл орташа есеппен 24711 теңге.
Әлеуметтік төлемдердің бір түрі – мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп, күтім жасап жүрген ата-аналарға және оларды қамқорлығына алған адамдарға 14 952 теңге төленеді. Облыс бойынша мұндай көмекті 2327 тұрғын алады.
Сонымен қатар, 2010 жылда төртінші немесе одан көп баланы дүниеге әкелгені үшін төленетін бір реттік жәрдемақы, бір жасқа келгенге дейін бала күтіміне төленетін айлық жәрдемақы мөлшері ұлғайтылып, аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапаттау талаптары өзгертілді.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлының 2008 жылғы 29 мамырда демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында берген тапсырмасы бойынша 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші не одан да көп баланы дүниеге әкелгені үшін берілетін бір реттік жәрдемақы 50 айлық көрсеткішке тең, яғни 70 650 теңге беріледі. Алғашқы алты айда Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан бала күтімі үшін 3385 анаға жәрдемақы төленді, орташа есеппен әр ана 12139 теңге алды.
Жүктілікке және босануға байланысты ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 2686 әйел адамға орташа көрсеткіш – 134887 теңгені құрайтын жәрдемақы белгіленді. Алайда, көптеген адамдарда жәрдемақы тағайындау кезінде жұмыс берушілері тарапынан қиындықтар кездесіп жатады. Олар уақытында немесе толық көлемде әлеуметтік қаржы бөлмейді. Мұндай жұмыс орындары қатарында ауылдық жерлердегі мектептер, ауруханалар және кейбір жеке меншік кәсіпорындар бар. Осындай мәселелерді салық басқармасының көмегімен ғана шешуге болатын көрінеді. Ал, Зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы бұл ретте қауқарсыз. «Осындай жағдайлардың орын алуы да тұрғындардың кемшілігі. Себебі, олар уақытында қаражаттың аударылып жатқанынан хабардар болса, кейін киындықтар болмас еді»,-дейді Рысты Моилжанқызы. Аналарды толғандыратын тағы бір мәселе – дүниеге келген сәби бірден шетінеп кетсе, сәбиді дүниеге әкелгені үшін берілетін бір реттік жәрдемақыны ала алмайды. Себеп – баланың туу туралы куәілігінің болмауында. Әрине, бір-екі күннің ішінде мұндай құжат беріле қоймайды. Ата-аналар жәрдемақы алу бойынша өтініш жазған кезде, бұл қажетті құжаттардың бастысы. Осылайша, бір реттік жәрдемақыдан да қағылады.
«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері атану үшін де кедергілер бар. Жеті баланы өсіріп, тәрбиелеген аналар «Алтын алқамен», алты баланы дүниеге әкеліп, жетілдірген аналар «Күміс алқамен» марапатталады. Оларға берілетін жәрдемақы көлемі – 8478 теңге. Алайда, егер баласы қайтыс болған жағдайда немесе қамауда отырған болса, олар балалары деп есептелмейді. Сондықтан, көптеген аналар шағымдар айтып жатады. Бірақ, Заңда осылай жазылған. Мұнда да орталық ешқандай әрекет жасай алмайды.
Зейнетақыны және басқа да жәрдемақыларды тұрғындар өздері қалаған банк арқылы ала алады. Мұндай мүмкіндікті жасау мақсатында зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы екінші дәрежелі 15 банкпен және «Қазпошта» АҚ-мен тығыз іскерлік байланыста.
Зейнетақы, жәрдемақыларды төлеу бойынша барлық істерді жүзеге асыру, алға қойған мақсаттар мен жоспарларды орындау, тұрғындардан келіп түскен құжаттарды тыңғылықты дайындап, әзірлеу – зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығының алдағы алты айдағы жоспары.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

