«Байғамұт, тоғыз көлім - өмірім менің, өлеңім»

Тәуелсіздіктің 20 жылында еңселі еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, өзге мемлекеттерге үлгі бола білгені баршаға аян. Бірлік пен келісім, тұрақтылық пен бейбітшілікте өткен жиырма жыл ішінде керегеміз кеңейіп, шаңырағымыз биіктеді. Шетелдегі қандастарымызбен берік қарым-қатынастың орнауымемлекет халқын мол табысқа кеңелткен қасиетті Тәуелсіздіктің игілігі.

Алтай өлкесінің тұрғыны Сапарбек Маусымбаевтың есімі Павлодар жұртшылығына жақсы таныс. Таяуда оның «Байғамұт, тоғыз көлім - өмірім менің, өлеңім» атты шығармалар жинағы жарық көрді. Айта кетерлігі, жастайынан қазақ халқының өнерімен сусындаған алтайлық қандасымыздың бұл кітабы Павлодар қаласында басылып шықты. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі, С.Маусымбаевтың өмірі Ертістің Павлодар өңірімен тығыз байланысты. Ол Алтай өлкесіне қарасты Благовещенск ауданындағы Байғамұт сегіз жылдық мектепті бітіріп, облыс орталығындағы қазіргі Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде білім алған. Талай дарындарды түлеткен аталмыш оқу орнында білім нәрімен тереңнен сусындап, қанатын қатайтты. Жан жарыӘлияны да осында кездестірген. Кейін білімін жетілдіру мақсатында Семей педагогикалық институтының тарих бөліміне түсіп, оны тәмамдаған соң, туған ауылына оралды. «Шалқар шабытымның жемісі болып табылатын кітабым - Қазақстан Тәуелсіздігіне арнаған тартуым», - дейді ол.

Сапарбек Шайхымұлы 1954 жылы дүние есігін ашқан. Әкесі Шайхым мен анасы Мәриям - қаһарлы соғыс жылдарында абыройлы еңбек еткен азаматтар. «Мен - Маусымбаевтар отбасындағы төрт баланың кенжесімін. Анамның айтуынша, мен туған жылы Байғамұттағы колхоз еңбеккерлері қатарында болған әкем Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесіне шақырылды. Ұлды болғаны туралы сүйінші хабарды естігенде әкем жолда болыпты. Қатты қуанған әкем маған Сапарбек деп ат қойды», - дейді ол. Сапарбек ағамен әңгіме барысында «Ұстаздық жолды таңдауыңызға не себепдеген сауал еріксіз туындады. Мұғалім болу Сапарбек ағаның бала шақтан бергі арманы екен. Ол Байғамұттағы орта мектепте оқығанда мектеп директоры Нәби Тілеубердинов пен ұстаз Нұртай Бариновты ерекше құрметтеген. Ауылдағы мәселелердің көбі осы адамдардың қатысуымен шешілетін болған. Н.Тілеубердинов Байғамұттағы жаңа қазақ мектебін ашуға атсалысқан азаматтардың қатарынан табылса, Н.Баринов мектеп оқушылары үшін арнайы спортзал салдыруға үлесін қосқан. Сол себепті, Сапарбек ағаны сегіз жылдық мектепті бітірген соң «Кім боламындеген сауал алаңдатпады. Ол облыс орталығындағы В.Воровский атындағы педагогикалық колледжге түсіп, домбыра өнерін меңгереді. «1972 жыл. Бұл жыл әлі есімде. Қазақ КСР-нің ақын-жазушылары мен әртістер делегациясы Байғамұтқа ат басын тіреді. Олардың арасында халқымыздың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев те болды. Сол кезде бойына ата-бабамыздың игі дәстүрі мен өнерін сыйдырған домбыраға «ғашық» болдым», - дейді ол. С.Маусымбаев жетпісінші жылдардың ортасында әскерге шақырылады. Минск ракеталы әскерінде Отан алдындағы борышын өтейді. Ол домбырасымен ракеташылар ансамблінде өнер көрсеткен. Ұжымымен бірге бүкіл Белоруссия елін аралаған.

Айналасын тоғыз көл қоршаған сұлу Алтай өлкесінің тумасы бүгінгі күні халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, мәдениеті мен тілін ардақтаған Байғамұт қазақ орта мектебінің директоры қызметін атқаруда. Аталмыш білім ордасы Ресей еліндегі қазақ өнері мен мәдениетінің орталығы болып табылады десек, артық айтқандық болмас. Себебі, Байғамұт қазақ орта мектебі - Ресей жеріндегі екі қазақ мектебінің бірі. Екіншісі Алтай өлкесі Құлынды ауданы Керей ауылында орналасқан.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бой көтерген аталмыш білім беру ошағында жиырмадан астам оқушы білім алуда. Сапарбек ағаның айтуынша, оқушыларды туған тіл, ұлттық құндылықтар мен мәдениет негізінде тәрбиелеу ұстаздар жұмысының негізі болып табылады. Осы мақсатта қазақ мектебінде «Оқу-тәрбие үрдісінде қазақ халқының салт-дәстүрін сақтау» атты арнайы бағдарлама әзірленген. Ұрпақ бойына халқымыздың бай мұрасын сіңіруге сеп болатын бағдарламаның авторыағамыздың өзі. Ұлағатты ұстаз өміріне серік болған домбырасын жанынан бір елі тастаған емес. Домбыра өнерін мектеп оқушыларына үйрету де дұрыс жолға қойылған. Мектепте домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Оның бастамасымен мектепішілік өлкетану музейі де ашылды. Тағылымы мол рухани азық ошағында бірнеше ғасырлық тарихы бар Байғамұт ауылының тарихы туралы сыр шертетін бағалы жәдігерлер топтастырылған. Білікті мектеп ұстазы болумен қатар, директорлық қызметті абыройлы атқарып келе жатқан ол жуырда қазақ мәдениеті орталығын ашпақ ойы бар екенін жасырмады.

Айта кеткен жөн болар, Сапарбек Шайхымұлының ұлттық құндылық-тарымызды сақтау жолындағы еселі еңбегі Алтай өлкесі халқы тарапынан да зор қошеметке ие. Ол Алтай өлкесінде әдебиет, мәдениет саласындағы атқарған ағартушылық еңбегі үшін С.Титов атындағы губернаторлық жүлденің лауреаты атанды.

Туған жерден жырақта жүрсе де, қандас бауырларымыз қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттаудан талған емес. Тіпті, олар ата-бабамыздың жөн-жоралғысын еліміздегі кейбір қандастарымыздан да артық біледі десек, қателеспеспіз. Ауыл халқы бір адамдай жұмылып, халқымыздың ұлттық мерекелерін атап өтеді. Айтулы мейрамдарда тарихи ОтаныҚазақстанға келіп отыруды да дәстүрге айналдырған. Ресейдің Алтай өлкесі мен Павлодар облысы халқы арасында орнаған қарым-қатынастың арқасында шетелдік бауырластарымыздың өнегелі өмірі туралы хабардар болудамыз. Бұл сабақтастық алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

Суретті түсірген Төлеген Нұрғазы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24
26 27 28 29 30