«ЖҮРЕГІМ «ҚАЗАҚ» ДЕП СОҒАДЫ...»

Баянауыл аудандық мәдениет үйінің әдіскері, «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының төрайымы Таисия Страдаеваны жергілікті жұртшылық мақтан тұтады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген ол қазақ тілінің қанат жаюы жолында өз үлесін қосып келеді. Ана тілінде сөйлей алмайтын шала қазақтарға үлгі боларлық орыс қызы өзін Қазақстанның нағыз патриоты санайды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді еркін меңгеруге марқұм әкесі Виктор ықпал еткен.

- Әкем Виктор: «Осы қызымды қазақ тілінде оқуға беремін» деп алдына мақсат қойыпты. Мен үш жасқа келгенде ол көрші-қолаңдардың көмегімен маған алдымен қазақ әліпбиін үйретіпті. Қазақ тіліндегі мектепте білім алдым. Әкем мемлекеттік тілді жақсы түсінгенмен, сөйлей алмайтын. Менің сабағымды көршілермен бірлесіп тексеріп отыратын. Ауылда орыс ұлтының өкілдері аз және өмір сүрген ортам қазақ тілді болғандықтан, мемлекеттік тілді бір адамдай меңгеріп алдым. Орта мектепті тәмамдағанда жоғары оқу орнында да қазақ бөлімінде оқимын деп мақсат қойдым. Сол мақсатқа жеттім де. Алдымен Ақсу қалалық Жаяу Мұса атындағы колледжді қазақ тілінде тәмамдадым. Бүгінгі таңда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде музыка мамандығы бойынша білімімді жалғастырып жатырмын,- деп бастады әңгімесін Таисия.

Өзге ұлттың өкілі болса да Таисия қазақтың қара домбырасында шебер ойнайды. Құрманғазының күйлерін тамаша орындайды. Күй атасының «Балбырауын», «Сарыжайлау» секілді туындыларын нақышына келтіре шертеді. Оның сөзінше, Динаның күйлерін орындау өте қиын. «Сол үшін шеберлігімді әлі де болса шыңдай түсудемін»,- дейді орыс қызы.

Таисия бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты ана. Жолдасы Александр Наумов та қазақ тілінде еркін сөйлейді. Александр бүгінгі таңда аудандағы №2 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Таисияның айтуынша, жолдасы қазақ тілін мектептегі әріптестерінен үйренген. «Ол орыс тілінде білім алды. Алғаш жұмысқа орналасқанда әр күні қазақтың бір сөзін үйреніп келетін. Содан әлгі сөздің мағынасын сұрап, өлең жаттаған жас балаша қайта-қайта айта беретін. Тілді білуге деген талпыныстың арқасында мемлекеттік тілді меңгеріп шықты. Алла қаласа, ұлымызды қазақ мектебіне береміз деп жоспарлап қойдық»,- дейді ол.

Күнделікті тіршілігі қазақ отбасыларымен біте қайнасып кеткен Таисия қазақтың салт-дәстүрлерін өмірде қолданатынын алға тартты. «Мәселен, Құрбан айт болғанда шелпегімізді, бауырсағымызды пісіріп, көрші-қолаңдарды қонаққа шақырып, күтеміз. Наурыз тойын бірге тойлаймыз. Ұлттарға ортақ мерекелердің барлығын бір адамдай бірлесіп атап өтеміз. Жалпы, бала жастан қазақ ортасында тұрмыс кешкендіктен болар, салт-дәстүрге жетікпін. Қай кезде қандай салтты қолдану керектігін жақсы білемін»,-дейді.

Сондай-ақ, Таисия өзге ұлт өкілдері арасында өткен көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ қазақ тілінен облыстық пән олимпидасында жүлдегер болған. 2006 жылы облыстық «Мемлекеттік тілменің тілім» байқауында бас жүлдеге ие болса, осы байқаудың Астанада өткен республикалық сынында да топ жарған. Сонымен қатар, Қостанай қаласында мәдениет саласы қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған «Қазақшаңыз қалайбайқауында бірінші орынды иеленген. 2009 жылы Астанада республикалық Абай оқуларында бас жүлдені олжалады. Таисия ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен ҚР рәміздерінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиынға шақырылған. Сондай-ақ, ол түрлі форумдарда мемлекеттік тілде баяндама жасаған.

Таисия Страдаева өзі бас болып бірқатар маңызды мәселелерді қолға алып отыр. Мысалы, Баянауыл ауылында жаңадан жастар бірлестігін ашпақшы. Оған негізінен мектеп оқушылары мен аудан жастары тартылады. Ұйымның басты мақсатықазақ тілінің қолдану аясын кеңейту. Яғни, мемлекеттік тіл төңірегіндегі мәселелерді оңтайлы шешу үшін жастарды жұмылдыру. Өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін үйретуге насихаттау.

Таисия қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқығанды ұнатады. Әсіресе, Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін», өлеңдерін сүйіп оқиды. Сондай-ақ, қазақтың би-шешендерінің, дуалы ауыз ақсақалдарының айтқан нақыл сөздерін жаттауды өмірлік мақсат еткен ол тарихи шығармаларды оқыған кезде де бар ынтасын салады. Жерлестерімізден Арман Қани мен Қалмұқан Исабаевтың туындыларын сүйіп оқиды.

Таисияның алдына қойған басты мақсатытұрмыс кешіп жатқан Қазақстан Республикасына аянбай еңбек ету. Сондай-ақ, қазақ тілін, халқымыздың мәдениеті мен өнерін ұшпаққа шығару. Орыс қызы: «Кей қазақтардың ана тілінде бір ауыз сөз айтып, жаза алмайтынын көріп қарның ашады. Қазақстандықтар мемлекеттік тілді меңгеруге жаппай атсалысса, біз бағындырмайтын белес жоқ»,- дейді.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Баянауыл ауданы.

 

 

(«Жас TIMES» қосымшасының соңғы санында жарық көрген материалдарды «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 27 қыркүйектегі номерінен оқи аласыз)

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 29 30