Үстіміздегі жылдың тамыз айының 8-20 күндері аралығында «Info System» зерттеу орталығымен «Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси хал-ахуалының динамикасы» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сауалнама еліміздің 14 облысында және Астана, Алматы қалаларында өтті. Оған барлығы 1 609 адам қатысты.
Мемлекеттегі жалпы жағдай
Аталмыш әлеуметтік зерттеудің бірінші бөлімінде мемлекетте орын алып отырған жалпы жағдай динамикасы сарапқа салынды. Бұл көрсеткіштің едәуір жоғары екендігін атап өткен жөн: 90,2 пайызды құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда үш пайызға өскен.
Онымен қоса, сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі өзінің және отбасының өміріне қанағаттанатындықтарын білдірген. Көңілі жай, тұрмысына риза тұрғындардың үлес салмағы 85,8 пайызға ие. Ал елдегі экономикалық жағдайға келетін болсақ, сұралғандардың барлығы дерлік оң бағасын берген. Қазіргі экономикалық ахуалды тұрақты дамушы ретінде баға бергендер саны 90 пайыз межесінде.
Билік институттарының қызметі
Елдегі билік институттарының қолдау деңгейі де халық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Оған тұрғындардың мемлекеттік биліктің, яғни ел Президенті, Парламент пен ҚР Үкіметінің қызметтеріне және бастамаларына білдіріп отырған зор сенімдері дәлел бола алады. Сонымен бірге, сұралғандардың біраз бөлігі (24,8%) ҚР Парламентінің қызметіне қандай да бір баға беруге қиналған.
Сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтардың абсолюттік көпшілігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметін оң бағалап отыр. Қатысушылардың 94,2 пайызы Ұлт көшбасшысын толық қолдайтындықтарын білдірген.
Саяси партиялар рейтингі
Қазақстандық партиялардың танымалдылық деңгейі өзгеріссіз қалып отыр. Сұралғандар арасында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы басымдыққа ие (95,4%),
Сауалнамаға қатысқандардың 81,8 пайызы келесі парламенттік сайлауда ҚР Парламентіне өту үшін қажетті электоралдық қолдауға тек «Нұр Отан» ХДП ғана ие екенін айтқан. Сонымен бірге, жалпы көрсеткіші 4,2 пайызды құрайтын, әлі де болсын өздерінің нақты таңдауларын жасай алмай отырған (былайша айтқанда «электоралдық батпақ») тұрғындар негізінде шектік межеден (7%) «Ақ жол», «Азат» ҚӘДП және «Әділет» партияларының өтуі мүмкін болып отыр.
«Info System» зерттеу орталығы.

