ҚАСЫМ САБАҒЫ

Жамырап күнде жас өмір,
Маңырап тұрған марқасы.
Сауыры семіз құтты жер,
Қазақтың Сары Арқасы,  - деп Қасым айтқандай, Сарыарқаның төсінде, ақынның кіндік қаны тамған Кент тауының баурайында қыркүйектің оныншы жұлдызында дүркіреп, керемет той өтті. Қазақ елінің тұс-тұсынан халық ағылып келіп, жүрекжарды, асыл сөздерін айтып жатты. Тойдың дәп осылай өтуі - әуелі Құдайдың, содан кейін ел Тәуелсіздігінің арқасы. Тойдан кейінгі жылдарда есте қаларлық жай, ақын Ұлықбек Есдәулетовтің «Қасым құдығы» деп аталатын өлеңі, ол шын мәніндегі – біртума үлгі (шедевр). Қасымның аруағына нағыз тарту.  
            ***
Той үстінде кездескен өзімнің әріптесім, іні-бауырым Дидар Амантай жаңа ғана баспадан шыққан «Қарқаралы басында» деген кітабын сыйлап жатқанда, мен:
- Дидар, мына дүние қарбаласынан сенің жазған дүниелеріңді таразылап, ойымды жинақтай алмай жүрмін,  - деп өзімше ақталып жатырмын. Неге дейсіз ғой?!
Ата, аға - біздің кейінгі ұрпақ алдында ақталатын істеріміз көп, соны ойлай бермейтініміз өкінішті. Бұл да тойдан түйіп қайтқан Қасым сабағы!
            ***
Замандасым әрі құрдасым, ақын Иран-Ғайып мерейтойға шаршаңқырап, Пушкинше қолына таяқ ұстап келіпті, сол баяғы тура мінезіне салып, маған:
- Ғареке, осы өлім деген не? - деді.
- Өлім деген - өмір сүру, - дедім.
Ол тағы да:
- Онда өмір сүру деген өлім ғой?! - деді.
Мен келіспедім:
- Аяқ киімді басқа, бас киімді аяққа киюге болмайды. Өмір мен өлім сияқты ұлы ұғымдардың өз орындары бар. Өлім туралы хакім Абай айтпап па еді, «мен өлмекке тағдыр жоқ, әуел бастан» - деп. Иран-Ғайып досым, бүгінгі думандатып, күллі Қазақ еліне той жасатып отырған Қасым ақынды өлді деуге кімнің дәті шыдамақ. Ақынның мына өлең жолдарын қайда қоясың: «Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп». Осы сенің сауалыңа жауап емес пе, қажымай, талмай өмір сүре бер, Ереке!
            ***
Қасым Аманжолов шығармаларын осы мерейтойға орай арнайы тағы бір шолып шықтым, ойлы ақын екен, бірақ замана шымылдығының арғы жағында тұр. Ол оның кінәсі емес, заманына байланысты жайт. Мерейтой алдында республикалық басылымдарда ақынға арналған көптеген мақалалар жарық көрді. Солармен таныса отырып, бір замандасымның: «Қасым бүгінгі Мұқағали еді», - дегені бірден жылы ұшырап, жолжазба дәптеріме көшіріп алып едім, «салыстырудың бәрінің бір аяғы ақсақ болады» деген орыс мәтелі ойыма түсіп, екі ақынды бұлайша салыстыру қай жерінен ақсап тұр десем, Қасым сол заманның өзінде-ақ Абайға жақындап тұр екен. Лирикадан гөрі ойшылдығы басым екен.
Көңілдің кілті жатыр – ықыласта,
Ашық қабақ, сусын мен адал аста;
Әркім қалай ойлады, өзі білсін,
Соны біреу ойлатты-ау, біздің басқа!
 «Көңілдің кілті жатыр – ықыласта» - деген бір шумақ тұнып тұрған ой. Бұл - Абай мектебі. Көңіл деген аумалы-төкпелі, тыныш табар тұрағы жоқ, ала-құйын іспетті емес пе? Демек, оның кілті де аспанда. Көңіл қалауын анықтау кімнің қолынан келген, әсіресе, ақынның көңілін... Көңіл нені іздеп, неден өзіне азық таппақ? Бұл - мәселенің мәселесі. Күллі өнер атаулы осы мәселеге арналған. Жағдай солай және де солай бола бермек. Ақын болса көңілдің кілтін тапқан, ол ықыласта дейді. Қарсылық бар ма? Сірә, бола қоймас. Олай болса, ықылас дегеніміз не? Ол қайдан бастау алмақ? Тағы жауапсыз сұрақ. Ақынның да жауабы жоқ, бірақ ол бұл мәселе туралы әркім өзінше ойлайды дей келе, оны «Біреу ойлатты-ау» әуел баста деген ойға өзін де, бізді де жетелеп әкеліп отыр. Бұл - ақын жаңалығы!!! Жаңалық демесеңіз, басқаша айтып көріңіз! Сонда кім ойлатты. Біз философия ғылымында оны априори дейміз, ал діни санада, әрине, ол Жаратушы, Алла тағала! Қасым анасынан ойшыл болып туған. Тыңдалық:
Япырай, тудым неге ойшыл болып!
Кеудем толып барады, кеудем толып.
Түгім қалмай жарылып аспанға ұшып,
Неге ғана атпаймын фонтан болып?!
                 
Әу-баста сөз болды деуші еді, сірә, сол сөздер әлемге ұйқасымен енген болса керек. Сол алғашқы әуен-ұйқасты табушылар – ақындар, олар сонысымен қадірлі әрі қасиетті.
Қасым замана шымылдығының ар жағында тұрып, дәуірдің «ноқталы ойына» басын сұқпаған. Ол туралы өзі айтады:
Біреуге ұнап, біреуге ұнамаспын,
Өзім болып айтармын өз сөзімді.
Жамау-жасқау жинап мен құрамаспын,
Жұрттың сүрлеу жолымен жүргенім жоқ.
Нар тәуекел, омбылап тұра бастым,
Өнер табу, өр табу мақсатымен,
Адассам да мен адал жолда адастым.
 Бұл - ақынның Бағдарламасы. Басқаша не деуге болады.
Біріншіден, Қасым ақын бұл өмірге өз сөзін айту үшін келгенін жария еткен. Өз сөзін айту - қиынның қиыны. Өзгенің сөзін майын тамызып қайталаушылар, тіптен көшіріп алушылар жеткілікті. Қасым болса, өзінің ақындық әрі тұлғалық миссиясын өз сөзін айту деп түсінген, соны поэзия тілімен жар салуда.  
Екіншіден, ол - сүрлеу жолға түспей, өзінің тура жолын тапқан ақын. Бұл - керемет іс. Әрбір ақын өзінің жолын тапса, оның тарихта ақын болып қалуға құқығы толық бар. Олай болмаса, ондай ақындар көптің бірі болып, тарихтың шаңында қалып қоймақ, оған мысалдар жеткілікті. Өз жолын табу оңай шаруа емес. Ол үшін екі нәрсе қажет, бірі - нар тәуекелге түсу, екіншісі - нендей қиындыққа болсын шыдау, омбылап жүріп жол салу. Оған ересен қуат, жігер, қайрат, намыс, Құдай берген дарын керек. Соның бәрі Қасымда бар, олардың барлығын сезінген ақын жол салмақ ниетін ашық айтқан.  «Жұрттың сүрлеу жолымен жүргенім жоқ. Нар тәуекел, омбылап тұра бастым». Бұл әркімнің қолынан келетін іс емес.
Үшіншіден, ақын адасқанын мойындап отыр. Бұлайша өзінің қатарластарының бірі айтпап еді. Бұл мәселеде Қасым Абайға тым жақын келіп тұр. Хакім Абай: «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген. Қасым: «Адастым, бірақ адал жолда адастым» дейді. Бұл оның шырылдап, 1951 жылғы партияның жабық жиналысында оқыған өлеңінің жолдары. Ол шын мәнісінде адасып отырғандардың «көзін шұқып» отыр. Адаспайтын кім бар? Бәрі және бәріміз адасамыз, бірақ сол адасқанымызды сезінеміз бе, мойындаймыз ба? Ақын Қасым сияқты, «Өнер табу, өр табу мақсатымен, адассам да мен адал жолда адастым» деуге қауқарымыз жете ме? Әй, қайдам!
Міне, сол үшін де бізге Қасым қажет! Ол - ұлағатты ұстаз, бірақ Ұстаз сөзін ұғынатын шәкірт те ауадай қажет, ағайын!  

Академик Ғарифолла Есім.

(«Әдебиет әлемі» айқармасының соңғы санында жарық көрген материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 8 қазандағы номерінен оқи аласыз)

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31