Елімізде халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған «Бір ел – бір кітап» акциясы жалғасын табуда. Дәстүрлі жоба биылғы жылы көпшілікке Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқуды ұсынып отыр.
Акция Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми кітапханасында да ұйымдастырылды. Кітапхана директоры Светлана Исақанованың айтуынша, рухани ошақ ұжымы оқырмандар қауымын «Ақбілек» романын оқуға шақырып қана қоймай, қазақтың көрнекті жазушысы Ж.Аймауытовтың шығармашылығымен таныстыруды көздейді. Айта кетерлігі, осы мақсатта институттың ғылыми кітапханасы баспа орталығымен бірлесе отырып, мектеп кітапханашыларына арналған әдістемелік құралдар мен жазушы шығармалары қамтылған электронды дискілерді дайындаған. Қазіргі кезде олар таратылу үстінде екен. «Бір ел – бір кітап» шарасы барысында насихатталған шығарманың авторы туралы да мол мағлұматқа қанығуға болады. «Ақбілек» романы – қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде жазылған алғашқы қазақ романдарының бірі. Туынды өткен ғасырда жарық көрсе де, бүгінгі күні өзектілігін жоғалтпаған», - дейді С.Исақанова.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 8 қазандағы номерінен оқи аласыз)

