Жуырда Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті. Оған облыс орталығындағы орта мектептер мен колледждердің оқушылары қатысты. Ақтық кезеңге жолдама алған 20 үміткер Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында өзара мықтыны анықтады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Еркебұлан Рахатжанұлына бұйырды. №40 мектептің оқушысы Егізек Нағашыбай бірінші орынды иеленсе, Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті Айнұр Қапанова екінші орынды олжалады. Үшінші орын №35 мектептің 9-сынып оқушысы Жазира Жапардың еншісіне тиді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды. Ең бастысы - байқау жүлдегерлері ғұлама Мәшһүр Жүсіптің Баянауыл жерінде орын тепкен ауылын аралап, ғалымның кесенесімен танысуға мүмкіндік алды. «Мұндағы мақсатымыз – жастардың Мәшһүр бабамыз туралы ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттыру», - дейді қалалық тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Мейрам Нұғыманов.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Павлодар-Баянауыл.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 13 қазандағы номерінен оқи аласыз)

