Қазіргі таңда әлемде қатерлі ісік ауруы ушығып тұр. Әсіресе, бұл аурудан әйелдер көп зардап шегуде. Мамандардың айтуынша, 25-40 жас шамасындағы қазақстандық әйелдердің 40 пайызы төс және жатыр мойнындағы ісік ауруларымен ауырады екен. Адамға айтып келмейтін ісік ауруларының бұл түрін емдеу мақсатында елімізде көп жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, 2007 жылы Астана қаласында ашылған Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жатыр миомасы ісігіне шалдыққан әйелдерге пышақсыз әрі жатырын сақтап қалатын операциялар жасау мүмкін болды. Айта кетерлігі, бұған дейін жатыр ісігімен ауырған әйелдің өмірін сақтап қалу үшін оның жатырын операциялық жолмен алып тастаған, яғни дәл бүгінгідей зиянсыз операциялар болмаған екен.
Отандық медицинаның осынау озық жетістігін облыс дәрігерлері де меңгеруге мүмкіндік алды. Павлодарлық әйелдердің өмірін сақтап, ана болу бақытын сыйлау мақсатында облыс орталығындағы диагностикалық орталыққа Астана қаласынан бір топ білікті мамандар келіп, шеберлік сыныбын өткізді. Олардың қатарында медицина ғылымының докторы, профессор, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Бақыт Әбішев және рентгенангиолог дәрігер Дулат Тәжібаев бар.
Елордалық дәрігерлердің айтуынша, мұндай операция Астана қаласында үш жылдан бері жасалуда. Осы уақыт аралығында 350-ге тарта әйелдің жатыр миомасын емдеу операциясы жасалған, нәтижесі де жақсы көрінеді. «Бұл операция наркозсыз әрі кесусіз жасалады. Бір адамға шамамен 20-40 минут уақыт кетеді. Алғашқы тәулікте науқас қатаң дәрігердің бақылауында болады. Ал операция жасалғаннан кейін үш-төрт күн өткен соң ол толық өз қалпына келеді. Ең бастысы, біз осы операцияны жасау арқылы әйелдің жатырын сақтап қана қоймаймыз, оның бала сүйіп, ана атануына мүмкіндік жасаймыз. Жасыратыны жоқ, көптеген әйелдер өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан әйелдер арасындағы осындай ауру белең алуда», - дейді Бақыт Әбішев.
Атап өтерлігі, әйелдің жатыр миомасын емдеу операциясына қомақты қаржы жұмсалады екен. Айталық, операция барысында бір әйелге 2-3 ампула қажет болса, оның біреуі шамамен 50 мың теңге тұрады. Сонымен қатар, бұдан басқа дәрі-дәрмектер де бар.
Республика бойынша екінші рет Павлодар облысында жасалғалы отырған бұл операцияға кіруге өңірдегі қатерлі жатыр миомасына шалдыққан 30 әйел ниет білдірген. Өткен сенбі күні астаналық дәрігерлер олардың алтауына операция жасады.
Диагностикалық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Әбілтаевтың айтуынша, операция сәтті өтті. Сондай-ақ, кеше науқастар аяқтарынан тұрып, ақ желеңді абзал жандарға алғыстарын білдірді.
Ал жатыр миомасынан зардап шеккен өңірдегі өзге науқастарға болашақта облыс дәрігерлері операция жасайды деп күтілуде.
Н.АҚЫТЕГІ.

