Баянауыл ауданы биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу шарасында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Оқу жылын 399 бала аяқтап, оның 330-ы тестілеуге қатысты. Жүз елуден аса бала 100 ұпайдан артық жинады. Облыс бойынша үш оқушы ең жоғары 125 ұпайды еншіледі. Соның біреуі Баянауыл ауданы, Майқайың кентіндегі №2 орта мектептің түлегі Дамир Салықов. «Алтын белгіге» үміткер 13 оқушының 11-і білімдерін дәлелдеп шықты. Аудан тестілеу қорытындысында 93,69 орташа балл жинады. Аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Имаш Нұрғожинаның айтуынша, мұндай жетістік аудан тарихында бұрын соңды болмаған.
Аудан биылғы оқу жылын да жағымды жаңалықтармен бастады. Былтырғы оқу жылын тәмамдаған оқушылардың 149-ы жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы түсті. Ал 95 түлек орта оқу орындарының студенті атанды. 2010-2011 оқу жылында аудандағы мектептерге 62 жас маман жұмысқа тұрды. Жазғы уақытта білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Мәселен, Майқайың кентіндегі №1 орта мектептің спорт залына, білім ордасының іші мен сыртына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 60 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар аудан орталығындағы бұрынғы интернат ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, 75 орындық «Балапан» балабақшасын іске қосу жоспарлануда. Аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Имаш Нұрғожинаның айтуынша, аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген 8194 мың теңгеге Бірлік және Ж.Аймауытов атындағы орта мектептерде биология және мультимедия кабинеттері жасақталған.
-2010-2011 оқу жылында ауданымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ерен еңбек елеусіз қалмады. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев аудандық білім бөлімінің жетістігін жоғары бағалап, арнайы диплом табыс етті. Ұлттық бірыңғай тестілеуде үш жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсеткені үшін Ш.Айманов атындағы гимназия мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрсынай Жақина облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, темір тұлпарға ие болды. Алдағы уақытта осы биіктен төмен түспей, асуларды бағындыруымыз қажет,-дейді Имаш Сейілбекқызы.
Тұрсынай Жақина осындай құрметке ие болу үшін 28 жылдық еңбегімді сарп еттім дейді. «Ұстаздық жолды таңдауыма туған нағашым, белгілі жазушы Сүлеймен Баязитов ықпал етті. Ол біздің үйге қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын ақын-жазушыларды шақыратын. Олардың өнегелі әңгімелерінен рухани азық алатынмын. Сондай-ақ, білікті ұстаз болып қалыптасуыма Мәпруза және Күлшат деген апайларымның көмегі тиді. Олар маған үнемі қолдау көрсетіп отыратын. Еңбегімнің басты жемісі - шәкірттерім»,- дейді Тұрсынай Өмірзаққызы. Ұлағатты ұстаз бүгінде жолдасымен бірге үш ұл тәрбиелеп отыр.
Ауданда балабақша мәселесі де оң шешімін табуда. Қазіргі таңда 4 балабақша мен 15 шағын орталық жұмыс істейді. Балабақшаларда 300-ден аса бүлдіршін тәрбиеленуде. Бүгінде аудандағы бүлдіршіндердің 87 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Сондай-ақ, Баянауыл ауданының 2011-2013 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, Майқайың кентінде 110 орындық жаңа балабақша салынады деп жоспарлануда. Білім бөлімі мамандарының сөзінше, алдағы уақытта аудандағы балабақша мәселесі толықтай шешіледі.
Фархат ӘМІРЕНОВ, Баянауыл ауданы.

