КӨШБАСШЫ ӘЙЕЛДЕР МЕКТЕБІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

Кеше облыс орталығындағы Достық үйінде аймақтық көшбасшы әйелдер мектебінің кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, сондай-ақ, өңірдегі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қорларды басқарып отырған нәзік жандар шақырылды.

Алқалы басқосуда еліміздегі гендерлік саясатты одан әрі дамыту, әйелдердің бәсекеге қабілетті білім алып, қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары, облыстық әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Әлия Ғалымова: «Біздің еліміз әрқашанда әйел адамдарды әлпештеп, қыз баланы қастерлеген. Дана халқымыз: «әйел - ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» дейді. Әр уақытта да даналы сөзге жүгінген еліміз қазіргі таңда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өркениетке қарыштап қадам басуда. Қай кезде болмасын әйелдер қауымы елдің тыныштығын сақтап, Елбасының бастамасымен қолға алынған реформалардың барлығына қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан да, бүгінгі күні облысымызда ұйымдастырылып отырған көшбасшы әйелдер мектебінің кезекті отырысының ойдағыдай өтуіне тілектеспін!», - деді. Сонымен қатар, ол облыста гендерлік саясаттың өз деңгейінде жүзеге асып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, қазіргі уақытта облысқа қарасты қалалар мен аудандарда 8 әйел әкім және әкімнің орынбасары болып қызмет істеуде. Аймақтағы ірі және орта бизнес құрылымдарының 34 пайызын әйелдер басқарып отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің де 60 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Жиында осы жетістіктерге тоқмейілсімей, әйелдердің басқару қызметіне деген қабілетін дамытып, белсенділігін арттыру мақсатында бұдан былай да көп жұмыстар атқару керектігі сөз болды. Сондай-ақ, 2006 - 2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Айта кетерлігі, еліміздегі бұл гендерлік теңдік стратегиясы ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді. Демек, стратегия - мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат әрі демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Онда әйелдердің саясатқа араласуына, білім алуына, денсаулық жағдайын жақсартуына толықтай құқылы екендігі кеңінен баяндалған.

Осының нәтижесінде ұйымдастырылып отырған шараға қатысқан көшбасшы әйелдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, гендерлік саясатты дамытуға байланысты өз ойларын ортаға салды. Облыстық әділет департаментінің бастығы Ғалия Жолдыбаева әйел мен билік арасындағы мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, елдегі әйел құқығы мен бостандығына байланысты бірқатар заң баптары төңірегінде әңгіме өрбітіп, қазақстандық кез келген әйел қабілет-қарымына қарай қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы Гүлфаз Аубанова отбасының қоғамдағы алар орны ерекше екенін айтып, осы мәселеге байланысты ұтқыр ойларымен бөлісті.

Отырыс аясында әйелдердің жеке істі қалай бастау керектігі, өз құқықтарын қорғай білуі, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері, ауылдық жерлердегі әйелдерді де қоғам өміріне, саясатқа тарту жолдары, басқа да мәселелер қарастырылды.

Аталмыш басқосу семинарлар, тренингтер және диалог алаңдарымен ғана шектелген жоқ, нақты ұсыныстар айтылып, мақсатты жоспарлар жасалды.

Н.ШОДЫР.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31