2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде қолданыстағы СТН (салық төлеушінің тіркеу нөмірі) және ӘЖК (әлеуметтік жеке код) орнына жеке тұлғаның сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізілетін болады. Бұл жаңашылдық алдымен республика бюджетінен бөлінетін зейнетақы, жәрдемақы сынды әлеуметтік төлемдер үшін өте маңызды. Себебі, алдағы жылдан бастап елімізде СТН мен ӘЖК өз күшін жойып, олардың орнына тек қана 12 саннан тұратын жеке сәйкестендіру нөмірі қолданылатын болады. Алайда, тұрғындар арасында осы жүйені әлі күнге дейін түсінбей жүргендер де бар көрінеді. Айталық, бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласының зейнетақы және жәрдемақы алатын 9 тұрғынында жеке сәйкестендіру нөмірінің мүлдем жоқ екендігі анықталды. Егер, олар тез арада құжаттарын реттемесе, келесі жылы зейнеткерлер зейнетақысынан, ал балалар жәрдемақысынан қағылуы мүмкін. Бұл – жаңа жүйені халықтың дұрыс түсіне білмегендігінің белгісі дейді зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтардың мамандары. Сондықтан, қазіргі таңда республикадағы, облыстағы және қалалардағы зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтар мен бөлімдерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың Павлодар қалалық бөлімінің бастығы Нұрсипат Уәлиттенова мәлім етті. Оның айтуынша, жаңа жүйеге немқұрайлы қарауға болмайды. Себебі, бұл жаңашылдық Қазақстан Республикасының «Идентификациялық нөмірлердің ұлттық реестрлері туралы» Заңы бойынша жүзеге асуда. Ал заңды орындау - баршаға ортақ міндет. Сол үшін осы күнге дейін жеке сәйкестендіру нөмірін алмағандар уақыт өткізбей, бірден өз тұрғылықты жерлеріндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, құжаттарын рәсімдегендері жөн.
Н.ШОДЫР.

