Oсыдан біршама уақыт бұрын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа жобаның, нақтырақ айтсақ, медициналық қызметтерге қосымша ақы төлеу жүйесін енгізу туралы мәселенің талқыланып жатқаны жайында отандық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бұдан кейін халық арасында «жедел жәрдемнің қызметі де ақылы болуы мүмкін» деген алып - қашпа әңгімелер аз айтылған жоқ. Тіпті, аптасына бірнеше мәрте жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетін науқас жандардың арасында аталған мәселеге алаңдап, анық-қанығын білу үшін редакциямызға қоңырау шалғандар да болды. Осыған орай, мәселенің мән-жайын анықтап, оқырмандарымызға дұрыс ақпарат беру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары М.Гимадиеваға телефон шалдық.
- Жедел жәрдемнің қызметі ешқашан ақылы болмайды, болуы да мүмкін емес. Сондықтан, тұрғындардың алаңдауы негізсіз. Ал жалпы медициналық қызметтерге қосымша ақы төлеу жүйесін енгізу туралы мәселе әлі қарастырылуда. Бірақ, бұл жоба сөз жүзінде айтылғанымен, оның іске асуы немесе аспауы белгісіз», - деп жауап берді ол.
Айта кетерлігі, бүгінде елімізде медициналық қызметтерге қосымша ақы төлеу жүйесін енгізу туралы жоба нақты бекітілген жоқ. Алайда, осы жобада не туралы айтылғанын көпшілік біле бермейді. Тіпті, аталған мәселе жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында да мардымды ақпарат жоқ.
Халықты алаңдатқан жаңа жоба бойынша, біріншіден, салауатты өмір салтын ұстанбағандар, яғни шылым шегу мен арақ ішудің салдарынан тапқан ауруларын емдегісі келгендер қосымша ақы төлеуі қажет. Екіншіден, мемлекеттік емханада науқасқа қажетті дәрілер ұсынылғанына қарамастан, ол өзге дәрілерді тұтынғысы келсе, қосымша төлем жасауы керек. Үшіншіден, науқас жедел жәрдем қызметін шақырса, бірақ, оның жағдайын тексерген дәрігер оған ешқандай қажеттілік жоқ деп тапса, ал сырқат міндетті түрде ауруханаға жатып емделгісі келсе, қосымша төлем жасайтын болады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осындай қатал шараларды қолдану арқылы қазақстандықтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын және медициналық қызметтер үшін кетіп жатқан заңсыз төлемдерді тыюды көздеп отырған көрінеді. Ал бұған халық қалай қарайды екен?
Бір белгілі болғаны, осы мәселе он шақты күн бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы пациенттердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында қаралған.
Мәліметтерге сүйенсек, аталмыш отырыстың нәтижесінде, бұл мәселе ел азаматтарының талқысына ұсынылып, дауыс беру шарасы ұйымдастырылатын болған. Сондай-ақ, егер қосымша ақы төлеу қағидасы қоғам тарапынан мақұлданып жатса, балалар, әйелдер және өзге де әлеуметтік аз қорғалған тұрғындардан басқалары жоспарлы медициналық қызметтерге кететін шығынның бір бөлігін өздері төлеуі мүмкін екендігі де айтылған. Сонымен қатар, дауыс беру қорытындылары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатындығы баяндалған.
Өкінішке қарай, аталған министрліктің сайтынан дауыс беру шарасының қазіргі уақытта қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын көре алмадық. Ал бір апта бұрын дауыс берген 300-ге жуық адамның 95 пайыздан астамы медициналық қызметке қосымша ақы төлеуге қарсы екендігін білдірген екен. Осы ретте, егер жоба көпшілік тарапынан қолдау таппаса, оның қабылданбауы да ықтимал екендігін айта кеткен жөн. Сондықтан да, қарапайым халықтың орынсыз абыржымағаны абзал. Себебі, медициналық қызметтерге қосымша ақы төлеу мәселесі халық дауысына байланысты ғана жүзеге асатын болады.
Н.АҚЫТЕГІ.

