ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫС ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

 

мемлекеттік тілді меңгерушілердің саны артып келеді

Облыс бойынша өзге ұлттың 986 бүлдіршіні қазақ тілді балабақшаларда тәрбиеленуде. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі орта мектептерде өзге ұлттың 454, ал жоғары оқу орындары мен колледждерде 116 өкілі қазақ тілінде білім алуда. Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов тіл жанашырларымен өткен жиында мәлім етті.

Жалпы, Ертістің Павлодар өңірі мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау бағытындағы жұмыстар бойынша республикада алдыңғы қатарда. Аймағымызда өтетін облыстық, республикалық байқаулар мен семинарлар осының дәлелі. Талғат Шәйкенұлының айтуынша, қазақ тілін ұлттық өнеріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз арқылы насихаттауды қолға алу керек. Бұл бағытта қыруар шаруа атқарылуда. Дегенмен, әлі де болса, кей азаматтарымыз мемлекеттік тілдің қажеттілігін сезіне қойған жоқ. Басқарма бастығының сөзінше, қазақ тілін үйренуге ықылассыз азаматтармен жұмысты күшейтер болсақ, бұл олқылықтың орны толады.

- Әлі есімде, 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Сонда Мемлекет басшысының алдына шығып, қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін таппай қиналғанбыз. Баянауылдан Александр Верещакты әрең іздеп тауып, шақырдық. Ал қазір, Аллаға шүкір, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлттың өкілдері жетерлік. Мәселен, Баянауыл ауданында мәдениет саласында қызмет атқаратын Таисия Страдаева, Қашыр ауданындағы белсенді жастардың бірі Светлана Шнайдер секілді қарындастарымыз облысымыздағы қазақ тілінің дамуына ерекше үлес қосты. Біз мұны мақтаныш сезіммен айта аламыз. Кезінде кеңес заманының саясатымен тәрбиеленген өзге ұлт өкілдерінің кейбірі қазақ тілін меңгеру мүмкін емес деген әңгіме айтады. Осыған қарсы дәлел ретінде Инновациялық Еуразия университетінде оқитын Марина Сахарованы «Қазақстан-Павлодар» телеарнасына диктор етіп орналастырдық. Мұндағы мақсатМаринаға қарап, басқа да жастар үлгі алып, бой түзесе деген ой еді,- дейді Талғат Әбілқасымов.

- Өңірімізде мемлекеттік тілді дамыту үшін алдымен қазақ көңілділер және тапқырлар ойындарының тигізген пайдасы зор. Осылай дей келе, Талғат Шәйкенұлы: «Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ертіс бойы», «Жасыбай толқыны» секілді республикалық байқауларды тамашалауға қала жастары көптеп жиналады. Сондықтан өгейсаналы қаракөздеріміздің ұлттық рухын оятуда көңілділер мен тапқырлар клубының сіңірген еңбегі ерен дер едім»,- деп сабақтады сөзін. Шынымен де, «Жасыбай толқыны» секілді ауқымды жоба республика бойынша тек біздің облыста ғана жүзеге асуда. Осының өзі өңір үшін зор мәртебе.

2011 жылдың 29 маусымында елімізде тілдерді дамытуға арналған жаңа он жылдық бағдарлама бекітілді. Онда Елбасы қазақстандықтардың алдына нақты міндеттер қойды. Бұл қазақ тілінің айы оңынан туатын күннің алыс емес екендігін аңғартқандай. Мәселен, бұған дейінгі тілдерді дамытудың 2001-2011 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша алғашқы жылдары мемлекеттік тілде ресми іс қағаздарын жүргізу небары 4-5 пайызды құрайтын. Ал қазір аталмыш көрсеткіш тоқсан пайызға дейін өсті. Жиынға қатысқан тіл жанашырларының айтуынша, ендігі кезекте атауы орысша ауылдарды қазақшаландыруды оң жолға қою қажет. Ол үшін жер-су аттарын зерттеу жұмыстарымен айналысатын мамандарды тарту керек. Осындай түйін түйген тіл жанашырлары ономастика мәселесіне жіті мән беретін кез келгендігін алға тартты. Оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығының директоры Зәуре Мәмбетованың айтуынша, Павлодар қаласындағы жарнамалардың басым бөлігі жеке меншік кәсіпорындардан бекітіліп келеді. Сондықтан олардың кемшіліктерін түзетуге тіл басқармасының мамандары қауқарсыз. Дегенмен, жергілікті жарнамалар облыстық тілдерді дамыту басқармасының елегінен өтеді. Жиынға қатысушылар жарнама мәселесін дұрыс жолға қою керектігін құптады.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілі бойынша білімдерін тексеру үшін «ҚазТЕСТ» бағдарламасы жасалуда. Жаңа жоба мемлекеттік тілді дамытуға арналған озық идеялардың бірі. Аталмыш жоба 2014 жылы толықтай іске кірісетін болады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымовтың айтуынша, «ҚазТЕСТ» жобасы мақұлданғанша біздің облыс арнайы пилоттық жобаны дайындауда. Яғни, келесі жылы мемлекеттік қызметкерлерден алдын ала сынақ емтихандары алынады. Сондықтан, биліктегі белсенділердің басым көпшілігі қазақ тілін үйренуге ниетті. Пилоттық жобаның басы-қасында жүрген мамандардың пікірінше, сынақ барысында бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілмейді.

Мемлекеттік тілді барынша дамыту үшін тіл үйрету орталықтары да үлес қосуда. Бүгінгі таңда облыс бойынша 18 тіл үйрету орталығы бар. Ең алғаш осы жоба қолға алына бастаған кезде шамалы қиыншылықтар болды. Дегенмен, тіл жанашырларының арқасында жоспарлы жұмыс өз жемісін бере бастады. Қазіргі таңда Павлодар қаласындағы кейбір пысықай азаматтар жеке меншік тіл үйрету орталықтарын ашқан. Алайда, онда дәріс беретін бірде-бір білікті тіл маманы жоқ. Осыған байланысты орталықтарды аккредитациялау жұмыстары жүргізілетін болады.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30