Облыс аудандарындағы жастар саясатын жетілдіре түсу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды көңіл көншітерліктей деп айту қиын. Мысалы, аймағымыздың кейбір өңірлерінде әлі күнге дейін бірде-бір жастар ұйымы жоқ көрінеді. Сол себепті, жастар саясатын дамыту мақсатында бөлінген қаржы тікелей орындаушылардың жоқтығынан нәтижесіз шараларға жұмсалады, - дейді облысымыздың белсенді жастары.
Дәлірек айтқанда, жастармен жұмыс жасайтын, бұл бағытта тың идеялар ұсына алатын қандай да бір ұйым болмағандықтан, жергілікті атқарушы билік еш бас қатырмай-ақ, бар қаражатты спорттық турнир ұйымдастыру сияқты әбден «тозығы жеткен» шараларға жұмсай салады. Алайда, мұндай шараларды қыруар қаражат жұмсамай-ақ өткізуге болады, дейді мамандар. Демек, аудандық мемлекеттік органдардағы жастар саясатына жауапты азаматтардың «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге тырысатындығын байқауға болады.
Сонда бұған не себеп? Ауылдық аймақтардағы ұл-қыздарымызға белсенділік жетіспей ме, әлде қолдау аз ба? Сірә, белсенділік болар. Себебі, жастар қолдаудан кенде емес. Мемлекет бұл салаға көп көңіл бөліп келеді. Енді, артылған сенімді ақтайтын кез жетті емес пе?
Елімізде жастардың азаматтық белсенділіктерін, саяси сауаттылығын арттырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында әрбір аймақта ресурстық орталық құрылған болатын. Оны жастарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымы десе де болады. Аталмыш орталық қызметін облысымызда жүзеге асыру ісі «Шығармашылық жобалар орталығы» жастар қоғамдық бірлестігіне жүктелген. Соның аясында, жақында ұйым өкілдері «Болашақ біздің қолымызда!» атты аймақтық жастар форумын өткізді. Оған облысымыздың қалалары мен бірқатар аудандарының белсенді жастары жиналды. Пікір, тәжірибе алмасты. Жастар саясатын жүзеге асырудың қыр-сырымен танысты. Білмегендерін сұрады. Білгендерімен бөлісті. Ең бастысы, міндетті түрде әрбір ауданда жастар бірлестіктерін құру мәселесін талқыға салды. Бір шешімге келгендей болды. Қысқасы, аса мазмұнды шара өтті. Нәтижесін болашақ көрсетер...
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

