Еліміз Тәуелсіздік тұғырына қол жеткізгеннен кейін жас ұрпақтың сапалы білім алуымен қатар, спортпен айналысуына да мол мүмкіндіктер жасалды. Соның дәлеліндей, 1996 жылы Павлодар қаласында спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының тұсауы кесілді.
Қабырғасы қаланғанына биыл он бес жыл ғана толып отырған аталмыш білім ордасы осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Бұл ретте мектеп-интернатының директоры Ж.Бөлекбаев, оқу ісінің меңгерушілері А.Аронова, Л.Гарафеева, спорт ісінің меңгерушісі Л.Стулова, әдіскер Д.Әлімқұлова және ұжымдағы басқа да ұстаздардың қосқан үлестері зор екенін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда мектеп-интернатта Павлодар, Ақсу қалалары мен Лебяжі, Май, Шарбақты, Ертіс аудандарының дарынды балалары келіп, қазақ және орыс тілдерінде білім алуда. Осында олардың сапалы білім алып, спортпен айналысулары үшін барлық жағдай қарастырылған.
Аймағымыздың түкпір-түкпірінен жиналған талапты балалардың талантын шыңдап жүрген Оразалы Хамитұлы, Нәдір Қылышбайұлы (еркін күрестен), Тоқтар Қаппасұлы (грек-рим күресі), Евгений Белов (футбол) сынды бапкер ағаларымыздың біз үшін орны бөлек. Осындай қайсар да қамқор жандардан тәлім алған мектеп түлектерінің алды өз ордамызға келіп ұстаз болып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Бұл - үлкен мәртебе. Сонымен қатар, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда оқушыларымыз топ жарып, ұстаздардың үмітін ақтап жүргенін мақтан етеміз. Атап айтар болсақ, республикалық сайыстарда 2007 жылы Александр Иванов жүзуден 1 орын, Карина Газимова 3 орын, Мадина Мұқанова гимнастикадан 2 орын, ал 2008 жылы еркін күрестен Мамед Ибрагимов Якутияда болған жарыста 3 орын, 2009 жылы Үндістанның Дели қаласында өткен жарыста 2 орын иеленді. Сондай-ақ, 2011 жылы Ернұр Қабатаев есімді оқушымыз еркін күрес бойынша Таиландта ұйымдастырылған жарыстан жүлделі оралып, мектебіміздің мерейін өсірді.
Жалпы, мектебімізде шетелдерге барып, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп жүрген дарынды оқушылар аз емес.
Мектеп-интернатының мәртебесі жас ұрпақ үшін аянбай еңбек еткен бапкер ағалар, ұлағатты ұстаздар және дарынды жас спортшылардың арқасында биіктей бермек.
Гүлнәр АРЫНОВА,
спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
Павлодар қаласы.

