Алғашқы-ақ қар түсе сала, Павлодар қаласының коммуналдық шаруашылық қызметкерлері бірден көшелерді тазалауға кірісті. Көк тайғақты болдырмау үшін құм мен тұз араласқан қоспаны арнайы техникамен жолға себуге көшті.
Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов тазалыққа жауапты кәсіпорындардың қыс мезгіліне дайындықтарын тексерді. Кәсіпорын басшылары көліктер мен парктердің қазіргі кездегі жағдайы туралы айтып өтті. Төрт мердігер кәсіпорындар арасындағы ең ірілері - «Холдинг Транс Павлодар» және «ОКС-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болып табылады. Бұл кәсіпорындарда үлкен автопарктер бар және олар құм мен тұз араласқан қоспаны молынан дайындайды. «Холдинг Транс Павлодар» ЖШС директоры Геннадий Жабаленконың айтуынша, қалада санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге 80 машина дайын. Көк тайғақ болған жағдайда жолға себуге алдын ала 15 мың тонна қоспа әзірленді.
- Екі апта бұрын біз аталмыш кәсіпорын басшыларымен жиналыс өткізген болатынбыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тек көшелер мен жолдарды ғана емес, сонымен қоса, тротуарларды да тазалау жөнінде міндеттерді алға қойдық Жер үйлер секторларында жаяу адамдар жүретін жолдар да талапқа сай болады. Қазіргі кезде кәсіпорындардың дайындықтарын тексерудеміз, себебі, қар мол жауған жағдайда бірден іске кірісуіміз қажет. Алғашқы қар жауғаннан кейін көшелерге жедел тазалау жұмыстары жүргізіліп, жолдарға құм себілді. Бұл - жұмысымыздың бастамасы, - деді қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов.
Айта кетерлігі, қысқы кезеңге дайындық барысында мердігер-кәсіпорындар жаңа көліктер сатып алды. Атап айтқанда, арнайы сыпырғыштармен жабдықталған шағын тракторлар, роторлы тазалауыш құрылғыларға ие болды. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Игорь Рыбас барлық істер ойдағыдай атқарылатынына сенімді екенін айтты. Биыл қыста көшелер мен жолдар жиі тазаланатын болады. Санитарлық тазалауға 153 бірлік техника шығарылады. Жеткіліксіз болған жағдайда, тағы да қосымша жүк тасушы көліктер жалға алынатын болады.
Қала әкімінің баспасөз қызметі.

