Жеті күндік апаның соңына да желіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы
жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз. Осыны ескере отырып, басылым бетінде «Апта аптығы» атауымен жаңа айдарға жол ашып отырған жайымыз бар. Білсем деген жаңалығыңызды осы жерден тауып жатсаңыз, нұр үстіне нұр болғаны.
Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғадардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.
7 МИЛЛИАРДҚА ЖЕТТІК
Аптаны жағымды жаңалықпен бастадық. Дүйсенбі күні әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары дүние жүзіндегі халық саны 7 миллиардқа жетті деп «сүйіншіледі». Сол-ақ екен, бірқатар мемлекеттер «Жер шарының мерейтойлық тұрғыны нақ біздің елде дүние есігін ашты» деп жамырай жөнелді. Ресми деректерге сүйенсек, бұл абыройлы атаққа Ресей елінің Калининград қаласында, дүйсенбіге қараған түні сағат 00.02-де дүниеге келген Петр есімді бүлдіршін басты үміткер саналады. Сондай-ақ, «аталмыш атақ бізге тиесілі» деп Үндістан мен Филиппин елдері таласуда.
Осылайша, бірқатар мемлекеттер «біздің сәби бірінші туды» деп «жамырап» жатқанда, бұл жаңалық үлкен саясатқа айналып үлгерді. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы жағдайды пайдаланып, жұртшылықты әлем алдында тұрған күрделі проблемаларды шешуге шақырды. «Жеті миллиардыншы тұрғын әлемде қайшылықтар үдеген тұста өмірге келді. Бізде азық-түлік көп, бірақ миллиондаған адам аштықтың азабын тартуда. Біз тамаша өмірді көріп отырмыз, алайда, миллиондаған кісі кедейлікте күн кешуде. Біздің өркендеуімізге мүмкіндік мол, дегенмен, қиыншылықтар да жеткілікті», - деп атап көрсетті БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун. Солай шығар. Қалай десек те, 6,9 миллиард (дөңгелетіп алып жатырмын) адам сыйған ғаламшарымыздан жеті миллиардыншы баланың орын табатындығы анық.
Аталған жаңалықты естігенде, ойымызға мына бір жайт оралды. Қазақ үшін киелі саналатын санмен бедерленетін 7 миллиардыншы адам Қазақстанда да дүниеге келді! Алайда, еліміз басқа елдер секілді дабыра қылған жоқ. Дұрыс. Шу көтеріп қайтеміз. Көз тиіп жүрер. Онымен қоса, біздің өз межеміз бар. Естеріңізде болар, 2030 жылға дейін 20 миллионға жетуіміз тиіс. Сондықтан, бос шаруалармен уақыт өткізіп қайтеміз. Еңбектену керек.
АТАМБАЕВ ПРЕЗИДЕНТ АТАНДЫ
Қырғызстанда Президент сайлауы өтті. Сарапшылар болжағандай, ел тұрғындары басты саяси шараға үлкен белсенділікпен қатысты. Тәуелсiз қырғыз елiнiң тарихында бiрiншi рет бейбiт жолмен президент өз орнына ешбiр төңкерiссiз, көтерiлiссiз жайғасады. Құттықтаймыз! Аталмыш сайлауда 63,97 пайыз дауысқа ие болған бұрынғы премьер-министр Алмазбек Атамбаев – Қырғызстанның алдағы алты жылға сайланған жаңа президентi атанбақ.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, саяси науқанға дайындық ерекше жүрді. Әу баста сайлауға қатысуға 80-нен астам үміткер өтініш берген екен. Алайда, олардың басым көпшілігі 30 мың адамның қолын жинау, сайлау жарнасын төлеу, қырғыз тілінен емтихан тапсыру сияқты сынақтардан өтпей қалған еді. Сайлау барысында да түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылды. Онсыз болмайды, әрине. Ең алдымен, азаматтар дауыс беру үшiн өздерiн тiзiмнен таппай, сандалды деседі. Бюллетеньдердi топ-топпен тастау, аймақтық сайлау комиссия өкiлдерiне қысым жасау сияқты әрекеттер тiркелген деген қауесет тарады. Анығын білмегеннен кейін нақты айту қиын. Бірақ, әлемдік саясаткерлер Қырғызстандағы президент сайлауы әділ өтті деген пікірде. Мысалы, АҚШ Президенті Барак Обама бұл сайлау демократиялық талаптарға сай, жоғары деңгейде өтті деп баға берген.
Сайлаудың аса шиеленіссіз өткендігі үшін қырғыздар елдің қазіргі басшысы Роза Отынбаеваға алғыстарын білдіруі қажет сияқты. Себебі, алдыңғы екі президенттің билікпен қалай қош айтысқаны көбімізге мәлім. Ал Р.Отынбаева - Қырғыз елі үшін қиын кезеңде елді шеберлікпен басқара отырып, билік тізгінін бейбіт жолмен берген тұңғыш тұлға.
Не десек те, таңдау жасалды. Қазіргі кезде айыр қалпақты ағайындарымыз үшін басты мақсат – елде тыныштық орнату.
ҰЯТТЫМЫЗ
Ел жаңалықтарына оралайық. Бірден ҚР Парламентіне «жол тартсақ». Осы аптада халық қалаулылары аса маңызды, халқымыздың көкейінде жүрген мәселені көтерді. Шешуді талап етті. Бірақ...
Алмағайып заманда қазақ даласынан қанша құнды дүниелердің шетелге өтіп кеткенін тізіп, айтып жатудың өзі артық болар. Дегенмен, киелі Түркістанның «Тайқазаны» секілді жат жерге кеткен бірқатар құнды заттар өз тұғырына қондырылды. Бірақ, талай жылдар бойы айтылса да, нәтижесіз болып келген дүниелер жоқ емес. Соның бірегейі - қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі. Осыған байланысты Парламент депутаттары мәселе көтерді. Қалай да болсын қайтарып алу керек десті. Келешек ұрпақты айтты. «Ұят» деді халық қалаулылары. «Бетіміз қалың» емес. Ұяламыз әрине. Ұялмасқа шара жоқ. Елінің, халқының азаттығы үшін күрескен хас батыр, ұлы тұлғаның сүйегіне де ие бола алмай жүрміз. Енді, құр ұялып қана қоймай, осы істі жеме-жеміне жеткізсек игі. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ойымыз әлі бола қоймайтын түрі бар. ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзіне сүйенсек, соңғы ханымыздың бас сүйегі еш жерден табылмауда. Соған қарағанда, әлі біраз іздейтін түріміз бар.
ЖАРТЫЛАЙ ЖАЛАҢАШ АРУ
Алла жазса, «Әлем Аруы - 2011» байқауын бағындыратын түріміз бар. Оралдық Жанна Жұмалиеваның көмегімен. Аталмыш сән додасына еліміздің атынан қатысып отырған қазақ қызы іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, үздік ондықтың қатарына ілігіпті. Әлемнің 120-дан астам мемлекеттерінен келген «мен» деген сұлулардың арасынан сытылып шығу Жанна үшін оңай болмағаны анық. Дегенмен, бұл таң қаларлық, сенсациялық жағдай деп те айтуға келмейді. Себебі, қазақ арулары қашан да өздерінің нәзіктігімен, көркемдігімен, асқан сұлулығымен ерекше (ерлер жағы бұл ойды қолдары анық). Бірақ, айтайын дегенім ол емес.
Сән байқауының іріктеу кезеңінен кейін еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақ қызы іш киіммен (бикини) өнер көрсетуден үздік шықты» деген тақырыптағы «шыңғырған» мақалалар жарық көрді. Масқара! О заманда бұ заман, қаракөз қарындасымыздың жартылай жалаңаш тәнін айдай әлемге «паш еткеніне» қуанғанымыз қай сасқанымыз?! Әрине, жастар жағы «мұнда тұрған не бар, ескілік пікірден арылатын кез жетті», «бұл - заман талабы» дер. Бірақ, қашанғы заманды сылтаурата береміз. Ұятымыз қай жерге дейін шыдайды екен? Атам айтпақшы: «Бүйткен заманың бар болсын!».
ЕРКЕМІЗ-АУ, ЕРКЕМІЗ...
«Ертісіміз» ерлей алмады. Футболды айтам. Спорт сүйер қауым ел біріншілігінің соңғы турына дейін «Кім чемпион болады?» деумен отырғаны анық (мұның «Ертіске» қатысы жоқ әрине). Ақыр аяғында чемпиондық атақ қарағандылық «Шахтердің» еншісінде кетті. Жерлестеріміз бесінші орынды қанағат тұтты. Оған да шүкір. Жалпы, павлодарлықтардың чемпионат бойы жаман өнер көрсетпегендігін атап өткен жөн болар. Бірақ, бап осал болды ма, әлде бақ шаппай қалды ма, әйтеуір осындай жағдайға тап болдық.
Жалпы, «Ертіс» командасы бізді (аймақ жанкүйерлерін) тым еркелетіп алған сияқты. Бес рет чемпион атанды. Талай мәрте үздік үштіктен ойып тұрып орын алды. Сондықтан болар, қазір жанкүйер қауым жеңістен басқа нәтиже күтпейді. Соған қарағанда, павлодарлық футболшылар бізді бір сабамызға түсіріп алғылары келген сияқты. Ештеңе етпейді, оны да көру керек.
Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript

