Тамыз айында Ақтоғай ауданындағы ардагерлер ұйымының есептік сайлау жиналыстары өткізіледі. Осыған орай іс-шараларды дайындау және өткізу мәселесі бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды. Аталған семинарға селолық округ әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары, аудандық аурухананың бас дәрігері, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер, зейнетақы төлеу орталығы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары, әділет және қорғаныс бөлімдерінің бастықтары қатысты.
Аудандық аурухананың бас дәрігері З.Айдарханова денсаулық жүйесінде аудан жұртшылығына көрсетіліп жатқан қызметтер жайлы баяндады. Жүзеге асып жатқан реформалар, денсаулық саласында тәжірибе жүзінде орындалып жатқан шаралар жайлы толық ақпарат берді. Жиынға қатысушылар – Нұрғазин, Шорманов, Ыдырысов, Жүсіпов, Райымқұлов дәрігерге қойған сауалдарына тұшымды жауап ала алды.
Өздерінің әріптестерінің алдында Ақтоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Шорманов атқарылған істерді қорытындылады, сонымен қатар идеология мәселесіне ерекше назар аударды, яғни өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жастар арасында патриоттық тәрбие жұмыстарына қатысудағы ардагерлердің рөлі туралы сөз етті.
Соғыс және еңбек ардагерлері аудандық кеңесінің төрағасы Б.Куватов өз баяндамасында есептік сайлаудың нұсқаулығымен таныстырды.
Семинар соңында ардагерлер «Жол картасы» аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген жерлерге, атап айтқанда орталық саябаққа, орталық кітапханаға, сауда орындарына, «Айгөлек» және «Ақбота» балабақшаларына барып қайтты.
Т.СМАҒҰЛОВ,
Ақтоғай ауданы.

