Білікті педагог, білімді ұрпақ -ел дамуының негізі

 

Жақында облыс орталығындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік шара «Білім берудегі инновациялық үдерістер: зерттеуден- тәжірибеге» деген тақырыпта ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан бастау алды. Оған еліміздің және Ресейдің ғалымдары шақырылды.

Қабырғасы қаланғанына асқаралы алпыс жыл толып отырған педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты осы уақыт аралығында сандаған мұғалімнің зердесін жетілдіріп, білімнің биік шыңына қанат қағуына мүмкіндік жасады. Облыс түлектерінің жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізуі де осы шаңырақтан нәр алған өңірдегі білікті ұстаздар еңбегінің жемісі десек, артық айтқандық болмас. Сондықтан да болар, жарты ғасырдан астам тарихы бар байырғы білім ордасының мерейтойына арналған конференцияға қатысушылар қатары көп болды. Шараға қатысушыларды облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова құттықтады.

- Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты отандық дәстүр мен әлемдік тәжірибиені пайдалана отырып, білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауда толағай жұмыстар атқарып келеді. Бүгінгі күні ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған білім шаңырағының мерейтойы баршамызға құтты болсын. Біз үшін бұл институт тек білім ордасы ғана емес, аты өңірімізге мәшһүр болған мұғалімдердің қайнап шыққан шеберханасы», - деді ол. Бұдан соң педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандитаты Бұлғын Жалмағамбетова сөз алып, «Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың облыстық жүйесі: кеше, бүгін, ертең» деген тақырыпта баяндама жасады. Сондай-ақ, ол осы уақыт аралығында институт бағындырған белестер, болашақта атқаратын айқын мақсаттар мен жоспарлар жөнінде де атап өтті.

Бүгінгі күні институт облыстық және республикалық деңгейде білім беру саласындағы эксперименттердің жүргізілуін үйлестіруде. Атап айтар болсақ, «Облыс мектептерінде 12 жылдық білім беру үдерісін енгізуді ұйымдастыру және басқару», «Жеке білімдендіру бағдарламасы бойынша оқытатын көпсалалы мектеп», «Шағын жинақты мектеп жағдайында жаңа білім беру тәжірибесі» және басқа да тың жобалар бар. Сонымен қатар, институт облыс педагогтарының сұранысына орай, өз білім беру жүйесінде қашықтан оқыту бағдарламасын енгізген екен. Қазіргі таңда қашықтан оқыту жүйесінің электронды сайты құрылып, соңғы үш жылда 28 курстық жұмыс ұйымдастырылған. Жалпы, соңғы үш жылда аталмыш институттың мұрындық болуымен 16 ғылымитәжірибелік конференция, оның ішінде 4 интернет - конференция, педагогтардың инновациялық даму мәселелері бойынша 24 сайыс және пікірталас, 3 облыстық олимпиада өткізілген. Үстіміздегі жылы институттың ұйытқы болуымен өткен шараларға жеті мың педагог және облыстағы білім беру мекемелерінің басшылары қатысқан. Сондай-ақ, бүгінде бұл білім беру мекемесі еліміздің және шет елдердің ғалымдарымен тәжірибе алмасып, ынтымақтастық қарым-қатынаста бірлесе жұмыс жасауда екен.

Осындай толайым жетістіктерге толы білім ордасының мерейтойына алыстан арнайы келіп, конференцияда баяндама жасаған ресейлік ғалымдар институт атқарған жұмыстарға оң баға беріп, білім сапасын дамытуға бағытталған екі ел арасындағы достық қатынас бұдан былай да жалғаса беретінін жеткізді.

Конференцияға қатысушылар оқыту мекемелерінде болып жатқан инновациялық үдерістер білім беруді жаңартудың маңызды құралы екенін айтты. Көпшілік тарапынан білім беру мекемелерінде инновациялық үдерістерді жүзеге асыру үшін оқушылардың қызығушылығын арттыру, ата-аналарды да тарту, мектепішілік басқару жұмыстарын жетілдіру, инновациялық жұмыс нәтижелерін талдау және дамыту, басқа да ой-пікірлер ортаға салынды.

Білім шаңырағының мерейтойына орай ұйымдастырылған шара мұнымен ғана шектелген жоқ. Сонымен бірге, бұл күні «Білімдендірудегі зерттеулер мен тәжірибиелердегі инновациялық үдерістер», «Жаңа педагогикалық ойды қалыптастыру», «Мектептің көпмәдениетті ортасында инновациялық үдерістерді басқару», «Заманауи мұғалімнің кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру», «Қазіргі әлемдегі өздігінен білім алудың технологиясы мен стратегиясы» деген тақырыптарда шеберлік сыныптары өтті. Оған қатысқан педагогтар қауымы өзара тәжірибе алмасып, өздеріне өмірлік сабақ алды.

Айта кетерлігі, жыл сайын институттың мәртебесі артып, заман талабына сай білікті педагогтар тәрбиелеуде республикада көш басында келеді. «Институттың кадр құрамы шығармашыл, белсенді, ұтқыр ойлы жастар мен тәжірибиелі педагогтардың үйлесімділігі орын тапқан орта. Бұлбіліктілікті арттыру жүйесін модернизациялаудың міндеттерін шешудің бірден-бір жолы деп ойлаймыз», - дейді институт директоры Бұлғын Жалмағамбетова.

Осы уақыт аралығында 200 мыңнан астам педагогтың кәсіби біліктілігін жетілдірген институттың алар асуы әлі алда.

Н.ШОДЫР.

 

* * *

Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Екібастұз қаласындағы «Қайнар» шығармашылық орталығының қызметкерлері, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебі мен С.Торайғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясының директорлары және №1 мамандандырылған мектептің мұғалімдері қатысты. Конференцияға барған екібастұздық педагогтар шеберлік сыныптарына қатысып, мол тәжірибе алып қайтты.

Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты облыс мұғалімдерінің білім сапасын көтеруде табысты жұмыстар атқарып келе жатқаны баршамызға мәлім.

Ұстаздар әлеміне талмай еңбек етіп келе жатқан осынау білім ордасына шығармашылық табыс тілейміз.

 

Екібастұз қаласындағы №22 мектеп-гимназиясы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30