Жастар саясатына қатысты мәселелер шенеуніктердің кабинетінде отырып-ақ шеше салатын дүние емес. Қоғам болып жұмылып, араласуымыз қажет. Онсыз аталмыш салада белгілі бір нәтижеге қол жеткізу аса қиын, дейді саясаттанушылар. Мысалы, бүгінде елімізде 2012-2015 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Мамандардың айтуына қарағанда, оған алдымен жастардың өздері ой қосып, атсалысуы тиіс. Бұл мәселе еліміздің бірқатар аймақтарынан жиналған белсенді жастардың қатысуымен облыс орталығында өткен форум барысында сөз болды. Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті атқарушы билік пен түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, саясаттанушы ғалымдар мен студенттер қауымы қатысты.
Қазақстан - тиімді жастар саясатын іске асыруға зор көңіл бөліп отырған мемлекет. Өйткені, жастар елді дамытудың басты стратегиялық ресурсы болып табылады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде бұл салада көптеген игі өзгерістер орын алды. Оның барлығын айтып жатудың өзі артық. Күнделікті өмірде оның нәтижелерін көріп те жүрміз. Алайда, әлі де болсын жетілдіре түсетін тұстары да жоқ емес. Мысалы, жастар тарапынан баспана, жұмыспен қамту сияқты күн тәртібінен түспей келе жатқан басқа да проблемалар көп көтеріледі. Ол бір жылда шешіле қоятын шаруа емес, әрине. Тұрақты әрі жүйелі түрдегі жұмыстарды қажет етеді. Және, бар мәселе тек қаражатқа да тіреліп тұрған жоқ. Заңнамалық тұрғыдан шешу керек. Еліміздің «Жастар саясаты туралы» Заңының қабылданғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыру уақыт талабы, дейді форумға жиналғандар. Бұл - талған саладағы түрлі мемлекеттік бағдарламаларға да қатысты айтылған сөз. Себебі бүгін өзекті, басым болып көрінген кейбір мәселелер ертең-ақ «ескіріп» шығуы мүмкін. Уақыт сырғып барады. «Осы тұрғыдан алғанда, 2012-2015 жылдарға арналған жастар саясаты тұжырымдамасын әзірлеу мәселесі зор маңызға ие. Бірақ, бұл шенеуніктердің бас қосып, қабылдай салатын мәселесі емес. Аталмыш бағыттағы жұмыс неғұрлым жария түрде жүргізілуі тиіс. Еліміздегі әрбір жастың ұсыныс-тілектері, өтініштері ескерілуі қажет. Және, әр аймақтың өзіне тән ерекшеліктері бар екендігін де ұмытпайық», - деді саясаттанушы ғалым, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Ғабит Иренов.
Сондай-ақ, шара барысында мемлекеттік органдардағы жастар институттарының жұмысы сөз болды. Республикамызда тек қана жастар ісімен айналысатын бірде бір мемлекеттік мекеме жоқ. Ал аймақтардағы ішкі саясат басқармаларында бұл іс небары екі-үш адамның ғана мойнына артылып қойған. Олар тұтас бір облыс жастарын қамти алмайды.
Форум бағдарламасына сәйкес белсенді жастар саясаттану, әлеуметтану салалары бойынша кәсіби мамандардан шеберлік сабақтарын алды.
Д.ЖҰМАДІЛОВ.

