Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Отан қорғау жолында ерлік көрсеткен 314-ші атқыштар дивизиясы тарихта ерекше орын алады. Нағыз қайсар жауынгерлерден құралған полк Эстония, Польша, Чехословакия елдерінде соғысып, Германия жерінің топырағын да басқан. Әскери жасақ Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуде ерлік көрсеткен. Жуырда Ленинград облысы Лодейнопольск ауданындағы Сверь өзені жағасында аталмыш әскери жасақ жауынгерлерінің рухына тағзым етіліп, ескерткіш ашылды.
Tарихқа көз жүгіртсек, екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылында елімізде 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 50 әскери полк, сондай-ақ, 2 теңіз және 7 атқыштар бригадасы жасақталған. Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында құрылған атқыштар дивизиясының құрамында Павлодар және Көкшетау аймағының жауынгерлері де болған. Айта кетерлігі, дивизия құрамындағы жауынгерлердің жартысына жуығы – Ертістің Павлодар өңірінің тумалары. Есімдері Ленинград жерінде ардақталған жауынгерлер ерлігіне арналған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалалары және Павлодар өңірінің делегаттары қатысты.
Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатының мамандары Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында облыстық мұрағат басқармасының қызметкерлері Петропавлдағы тарихи-өлкетану музейі мен қорғаныс істері бойынша департамент қорларында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізді. Павлодар облыстық мұрағат басқармасының бөлім бастығы Бекмұхамед Исләмнің айтуынша, 1941 жылдың шілде айында Қазақстанның үш облысынан әскерге шақырылғандардан жасақталған 314 атқыштар дивизиясындағы жерлестеріміз туралы тарихи материалдар жинақталды. «Отан үшін отқа түсіп, етігімен су кешіп, жандарын пида еткен ерлерге мәңгілік тағзым. Батырларымыздың ерлігін қазақстандықтар ғана емес, Ленинград облысының тұрғындары мақтан етеді.
Сол себепті, іздестіру жұмыстарына Ленинград облысының Лодейное поле қаласының «Свирьский рубеж» отрядының өкілдері қатысты. Отряд іздестіру жұмыстарымен және осы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің табылған сүйегін қайта жерлеумен айналысады», - дейді ол.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

