«ЖОЛ ТАҢДАУДА ЖАЛТАҢДАМА!»

 

дейді «екібастұздық Шыңғыс хан»

«Өзіндік тұлғасымен, болмыс-бітімімен ерекше ықыласымызды тудырып, көзге түсіп, көзайым болып жүретін ана бір адамды көптен көрмедік қой өзі» деп кейде жұрт белгілі бір тұлғаны сұрастырып, іздестіріп жатады. Өмірдегі ісімен һәм ұстанымымен ерекшеленген, талғамнан шығып, патша көңілдерді көкке өрлеткен жандарды халық қашанда іздеп жүретіні ақиқат. Ағайынның белгілі де белгісіз себептермен көптен көрінбей кеткен қайсыбір тұлғаны іздейтінін – оны бағалайтыны, әспеттейтіні, қала берді, сағынатыны деп ұқсақ керек. Сондықтан, газетіміздің «Көптен көрмедік» деген жаңа айдары бұрын жұрт ықыласын оятқан, кейін көрінбей, есімі естілмей кеткен тұлғалар туралы сөз қозғайтынын жеткіземіз, қадірлі оқырман!

Сонымен, көптен бері көрінбей жүрген танымал жандардың бүгінгі өміріне көп болып көз тігіп, құлақ түрелікші. . .

Айдарымыздың бүгінгі кейіпкерін еліміз түгілі төрткүл дүние таниды. Тек танып қана қоймай, ол жасаған ерлікке пара-пар істерге жаппай сүйсінеді, жоғары бағалайды. Біреу білер, біреу білмес, кезінде оған Қазақстанның «Ғасыр адамы» мәртебесі беріліп, жұрт арасында «Екібастұздық Шыңғыс хан» деп ат қойылып, айдар тағылған-тұғын. ОлАзияның, Африканың, Австралия мен Американың шөл далаларын жүгіріп өткен әлемдегі теңдессіз жалғыз тұлға, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Гиннестің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордсмені, сүйікті жар әрі ардақты әке Марат Жыланбаев мырза. Әлемге өзін ғана емес, ұлтын мойындатқан желаяқ қазақ жігітінің қазіргі тірлігі туралы білгісі келетін, хабар-ошар сұрастырып, іздестіріп жататын жандар аз емес. Әсіресе, жақсыға еліктегіш жастардың осы тұлғаға деген ынтызары ерекше екенін айтпай кетуге болмас. Осыны ескере отыра, көптен көрінбей кеткен Марат мырзаны оқырмандарымызбен табыстыруды ұйғардық...

 

- Есенсіз бе, Марат аға! Кезінде дүниені дүбірлеткен өзіңіздей марқасқа тұлғаны көптен бері көрмей, есімін естімей жүрміз деген ел-жұртқа нендей уәж айтар едіңіз?

- Сұрастырып, іздестіріп жатқан ағайынға алғысым шексіз! Барша тілеулес жандарға үлкен рахметімді айтамын. Негізінде, менің ел-жұрттан алабөтен бөлінгендей ештеңем жоқ деп есептеймін. Бәрі де ойдағыдай, ел қатарлы жүріп жатыр. Тек үлкен спортпен қоштасқалы бері өзімді жанкүйерлерімнен біраз алшақтағандай сезінетінім рас, әрине. Дегенмен, «табынушыларым» әлемнің түкпір-түкпірінде болсын баршылық. Жасымыз да біраз жерге таяп қалды. Ұрпақтар алмасып жатады, жаңа толқын жастар өсіп-өнуде. Оның үстіне, өмірдің өз заңдылықтары бар екенін де естен шығармасақ керек. Сайып келгенде, жұрт арасында көзге ілінбей, естілмей кеттім екен деп соншалықты тағымнан түскендей күйге салынып, баз кешіп көрмеппін, оның реті де жоқ. Осы уақытқа дейін төккен терім елімнің даңқы мен атын шығаруға, келешек ұрпаққа үлгі болуға азды-көпті үлес болып қосылып жатса, әу бастағы өмірлік таңдауымның, асқақ арманымның, азамат ретінде алға қойған мақсатымның орындалғаны деп білемін. Сиқыры көп спорт саласындағы таңдаған жолымның қаншалықты жемісті әрі жеңісті болғанын көзі ашық, көкірегі ояу аға буын ағайындар жақсы білетін болуы керек. Кейінгі жастар арасында еміс-еміс естіліп те қалармыз. Бірақ, атым дәуірлеп, есімім ауыздан-ауызға тарап, күнделікті ақпарат беттерінен түспей тұрсам екен деген мақсатты ешқашан көздеген емеспін. Мені іздеген, ықылас танытқан оқырмандарыңызға айтар уәжім осындай. Ал қазіргі тірлігіме келер болсам, ел қатарлы, қолдан келетін, мүмкіншілігіме лайықты шаруалармен шұғылданудамын. Нақтырақ айтсам, Екібастұз қаласындағы жеке кәсіпкерлердің бірімін. Бірақ, спорттан түбегейлі қол үзген жоқпын. Айтулы мерекелер барысында қала, облыс басшылығы мені ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Мысалы, қазақ топырағында тұңғыш рет ұйымдастырылған биылғы қысқы Азиада ойындарының алау құтысын ұстап жүру мәртебесіне де ие болдым. Бұлмен үшін үлкен құрмет.

- Осы уақытқа дейін қанша шақырымдық жолды жүгіріп өткеніңізді білгісі келетіндер аз емес. Оның есебін жүргізіп көрдіңіз бе?

- Оқырмандарыңызды қызықтырған соң айтайын, әйтпесе, оның барлығын ауыз толтыра айтып мақтаныш қылғандай, өзімді өзгеден ерекшелегендей болмайын деймін. Әуелде, осы бағытты басты ұстанымым етіп алып, ұзақ жылдар бойы серік қылған соң жүгіріп өткен жолдарымның ұзындығы да аз болмасы анық. Жалпы, тәулігіне 80 шақырымды, жылына 30 мың шақырымды және одан да ұзақ қашықтықтарды артқа тастаған кездерім бар. Мысалы, 1990 жылдың 6 қазанынан 1991 жылдың 5 қазанына дейінгі аралықта 42 мың шақырым қашықтықты бағындырдым. Шөлді жерлерден жүгірудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары, машақаттары аз емес. Мұның өзі - үлкен әңгімеге арқау боларлықтай мәселе. Қызығы сол, мен жүгіріп өткен жол қашықтығын жиырма жылдан бері әлі ешбір желаяқ спортшы бағындыра алған жоқ. Спорт – ең әуелі денсаулық, салауаттылық, одан қала берді елдің атын шығарудың маңызды жолы. Осының бәрі де мен көздеген ішкі мұраттармен үндесіп, астасып жатқанын бөле-жара айта аламын.

- Сізді ерекше қызықтырған басқа да дүниелер аз емес шығар өмірде...

- Әлбетте. Желкеңді қайық спортымен ерекше ықыластана айналысамын. Балық аулағанды жаным сүйеді. 1991 жылы Америкада классикалық триатлоннан халықаралық жарысқа да қатысқаным бар. Адамның өмірдегі көңіл қалауында, қызығушылығында шек жоқ қой. Бірақ, ең елдымен, ынта, ықылас ниет болуы қажет деп санаймын.

- Жеңіл атлетикаға, соның ішінде қашықтыққа жүгіру спортына әуестеніп, кейін оны кәсібилікке айналдыруыңызға не түрткі болды?

- Менің бұл саладағы кәсібилік жолым спорттық бағдарлаудан басталды. Аз уақытта жақсы нәтижелерге де қол жеткіздім. 1978 жылы жасөспірімдер арасында КСРО-ның чемпионы атандым. Әрине, биіктерді бағындыруыма ұстаздарымның ақыл-өнегесі, сіңірген еңбегі негіз болды. Жаттықтырушым Вячеслав Гуров спорттық бағдарлауда жүгірудің маңызы зор, өзіндік ерекшелігі мол екенін үнемі құлағыма сіңіріп, айтып отыратын. Бірақ, алғашында жүгіру менің ең әлсіз тұсым екенін аңғардым. Кейін, осы олқы тұсымды ескеріп, намыстанып, жігерленіп марафоншылар секциясына жазылуыма, жан-жақты дайындық жүргізіп, тер төгуіме тура келді. Нәтижесі жаман шықпады. Секция құрамына кіріп, ыждаһатты жаттығулар жүргізген соң бір жылдан кейін Қарағанды облысының чемпионы атандым. Менің жеңіл атлетикадағы жеңісті де жемісті жолым осылай басталған еді.

- Естуімізше, негізгі мамандығыңыз «экономист» екен. Ал білетін жұрт Сізде суретшілік өнеріңіз барын айтады. Оның үстіне, халық қалаулысы, бірлестіктердің басшысы дегендей, біраз қоғамдық жауапкершіліктеріңіз де бар екен...

- Иә, ол рас. Жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдадым. Алайда, негізгі мамандығым бойынша экономикалық салада жұмыс істеп көрмеппін. Суретшілік өнерім бар екені де рас. Ертеректе кәсіптің осы түрімен де мықтап айналысқан едім. Халықтың өкілі ретінде қоғамдық жұмыстардан да ешқашан тартынып, қол үзіп көрмедім. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесімін. Елдің қалауымен Екібастұз қалалық мәслихатына екі рет депутат болып сайландым. Шама-шарқымша сайлаушыларымның, тұтастай елімнің артқан аманат-сенімін ақтауға, мұқтаждықтарын шешуге атсалысқанымды мақтаныш етемін. Қазіргі уақытта Екібастұз қалалық жеңіл атлетика федерациясының және «Екібастұздың болашағы үшін» қоғамдық бірлестігінің президентімін. Әр адамның өмір жолында өзіндік пір тұтатын, үлгі ететін тұлғасы болатыны белгілі. Ісіміз бен еңбегімізді танып-білу арқылы бізді жастар буыны үлгі тұтып жатса, біздің де өмірлік өнеге етер өз тұлғаларымыз бар. Өзім Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасын әр кез үлгі тұтып, өнеге санаймын. Қоғамдық жұмыстардың жауапкершілігіне қашанда ыждаһатты қарау керек. Мен барлығына да уақыт табуға тырысамын. Өйткені, мұның сыртында өзіңе деген халықтың үлкен сенімі мен үміті жатады.

- Ел арасында «Екібастұздық Шыңғыс хан» аталуыңыздың сыры неде?

- Осыдан жиырма жыл бұрын шөл далада жүгіруден әлем рекордын жаңарттым. Одан кейін де әлемдік көрсеткішке бірнеше мәрте түзетулер енгіздім. Бірақ, бастапқыда көп адамдар мені бірден мойындай қоймады. Жұрт мойындамай жатыр екен деп ешқашан мойымадым. Керісінше, бірбеткейлік пен табандылық көрсетіп, жігерімді жанып, үнемі өзімді қайрап-қамшылап, барынша қайсарлық танытып отырдым. Түптің түбінде әлем жұртшылығы мені сөзсіз мойындап, бағалады, жаппай жар салды, ғажайыптар тіркелетін рекордтар кітабына енгізді. Табандылық пен бірбеткейлігіме, төзімділігім мен қайсарлығыма байланысты жұртшылық мені «Екібастұздық Шыңғыс хан» деп атады. Достарым әр кез: «Шыңғыс хан айтты, Шыңғыс хан орындады!» деп қалжыңдап жатады.

- Үлкен қашықтыққа жүгіруден әлем бойынша аса мықты қарсыластарыңыз көп болған шығар...

- Жоғары көрсеткіштеріммен, айқын жеңістеріммен ең алғаш көзге түсіп, өз есіміммен қатар туған елім атала бастағанда американдықтар: «Қазақстан деген қандай ел? Ол қайда орналасқан?» деп таңырқасып сұрайтын-ды. Тәуелсіздік алғалы бері елімізді күллі әлем толықтай танып, мойындады. Спорт – елді танытатын, оның мықтылығын мойындататын ауқымды бағыт. Сондықтан да, әр ел өз спортшыларын тек биік деңгейден көргісі келіп, мықты бәсекелес болғанын, елінің атын шығарғанын қалайды. Спорттың қай түрін алып қарасақ та, осындай ұстаным ұялап тұрады. Менің де өте мықты әрі барынша бәсекелес қарсыластарым болды. Мысалы, мен еуропалық жарыстардың жеңімпаздары, венгерлер Андраш Лоу мен Миклош Немецті, қызғалдақты елдің өкілі Гер Вайенбергті, поляк Генрик Чернякты, орыстың өкілі Виталий Ковальды мықты марафоншылар ретінде жоғары бағалаймын. Менің танымал болуыма жастық шақтағы жігерім мен талпынысым жол ашты. Өйткені, мен балаң шағымда жүгірудің нағыз фанаты едім. Сол қабілетімді ұтымды пайдалана білдім деп санаймын әрі «жол таңдауда жалтаңдамағаныма» ризамын. Атақты Гиннестің рекордтар кітабына жеті рет ендім. Әлемге танылуымның басты кілті табандылығымда және соның арқасында жол тауып жеткен осы құдыретті кітапта жатыр деп ойлаймын.

- Кезінде Сізге кейбір елдерден «біздің намысымызды қорғасаң қайтеді» деген ұсыныстар да түскен көрінеді...

- Иә, ондай ұсыныстар жасалды. «Marathon and adventures» федерациясының төрағасы Джозеф Оакс АҚШ үшін өнер көрсетуге шақырды. Сондай-ақ, Мәскеудегі жаттықтырушым Федор Склокин «барлық жағдайды жасаймыз, Ресей Федерациясының атынан өнер көрсетсеңші» деген қалауын білдірген еді. Бірақ, мен барлық ұсыныстардан бас тарттым. Себебі, артымда үміт күтіп отырған қалың елім бар. Бар мақсатым Қазақстанды әлемге таныту еді.

- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Жұбайымның есімі – Ақмарал. Төрт баланың ата-анасымыз. Ұлым Рустам көлік компаниясында жұмыс істейді. Айдана, Азия, Анель есімді қыздарымыз бар. Олар - мектеп оқушылары.

- Балаларыңыздың арасында жолыңызды жалғастырғысы келетіндер бар ма?

- Жоқ. Өкінішке қарай, олардың бойынан аса зор құлшынысты байқамаймын. Осы спортпен кәсіби тұрғыда шұғылдануға өзім де рұқсат бермес едім. Себебі, әлемді бағындыру жолында басымнан өткен қиындықтарды олардың қайталағанын қаламаймын. Ең бастысы, жүрегімен қалаған мамандықтарын оқып, ел үшін қызмет етсе болғаны.

- Алға қойған мақсаттарыңыз...

- Сырымды ешкімге айта бермейтін жанмын. Сондықтан, ол жағы құпия. Орындалып жатса, құлағдар боларсыздар.

- Тәуелсіздік тойына тілегіңіз...

- Қазақстан Республикасының атын шығарар, ел мерейін үстем етер ұл-қыздарымыз көп болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30