«НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ»

 

Қазақ бір үзім қара нанның қадір-қасиетін білетін халық... «Ас атасы - нан» екенін айтқан да біздің ата-бабамыз. Сейсенбі күні Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Береке бастауы» атты нан фестивалі болып өтті. Онда аймағымыздың таңдаулы өндірушілері өздері пісірген нан-тоқаш өнімдерінің алуан түрін ұсынды. Қара наннан бастап, сыртына бал жағылған, ұннан әзірленген небір тәттілер көздің жауын алды.

Фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Манап Көбенов қатысты. Ол аталмыш шараның мақсаты - нанды құрметтеуді насихаттау, нан өндірісіндегі озық тәжірибелермен алмасу және облысты мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің рухани бірлігін дәріптеу екенін айтып өтті. Фестиваль көрмесіне бидайдан және қара бидайдан пісірілген нан-тоқаш өнімдерінің 200-ге жуық түрі қойылды. Соңғы жылдары облыста ұн тартушы кәсіпорындар мен наубайханалар саны өсті. Екібастұз жерінде мемлекеттік бағдарлама аясында бір ауысымда 24 мың бөлке нан шығаратын «Энергия Капитал» кәсіпорны құрылды. «Біздің облыс қуаңшылық жылы да өзін-өзі астықпен толық қамтамасыз ете алады», деді Манап Шарапиденұлы. Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлерді нан бағасын көтермеуге шақырды. Биыл астық бағасы да арзан. Өндірушілер халықтың жағдайымен де санасуға тиіс.

Жалпы, осы жылы Павлодар облысында 400 мың тоннадан астам астық жиналды. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорындар саны көбейді. Жыл өткен сайын өнімділікті көтеруге септігін тигізетін жаңа техникалар сатып алынуда. Тұтынушылар Павлодар жерінің бидайы қамырлы, яғни сапалы екенін айтады.

«Береке бастауы» фестиваліне қатысушылар кәдімгі наннан бастап, тоқаштың тіл үйірген небір түрлерін, көз қызығатын кондитерлік тағамдарды келушілердің назарына ұсынды. Нан-тоқаш өнімдерін Ертіс, Железинка секілді астықты аудандар ғана емес, егіншілігімен аты шыға қоймаған Екібастұз, Баянауыл тәрізді аудандардың наубайшылары да ешкімнен қалыспай ала келген. Нағыз шеберлердің қолынан шыққан тоқаштар мен торттар еріксіз тәбетіңді ашады.

Павлодар ауданының жеке кәсіпкері Анна Солдатова нанның 8 түрін пісіретінін айтады. Күніне бір мың бөлке нан шығарады. Оларды Мичурин ауылымен көршілес елді мекендер тұрғындары да таласа сатып алады. Оның жөні де бар, жаңа піскен бөлкенің бағасы – 35 теңге. Ал құрамына сүт қосып, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген грузин наны 65 теңге. Оның салмағы да қалалық өнімнен әлдеқайда басым. Құлмақ (солод) қосып пісіретін «Мрамор» наны да ерекше дәмді. Кәсіпкер лимон, шие секілді жеміс-жидектер қосылған, ішіне мармелад толтырылған тәтті тоқаштың да небір түрін ұсынады. Печеньенің 10 түрін пісірумен қатар, бисквит, орама секілді атын айтсаңыз, сілекейіңіз шұбыратын небір тәтті тағамдарды әзірлейді.

- Өз дүкенімізде күніне 400 бөлке нан сатылады. Зейнеткерлерге 10 пайыз жеңілдік беріледі. Нан-тоқаш өнімдерінен басқа, өзіміз шығармайтын қант, шай секілді азық-түлік түрлері де арзан бағаға өткізіледі, - дейді А.Солдатова. Ол көрмеге майлы шелпекті де ала келіпті. «Біз бәрін пісіре аламыз» деп күлімсіреген кәсіпкер, келешекте тұшпара секілді жартылай әзір ас түрлерінің өндірісін де игеруді көздейтінін айтты. Айта кетелік, А.Солдатованың жеке кәсіпкерлігі - бұған дейін де сан мәрте облыс басшылығы тарапынан мақталған, ауылдық жердің маңдайалды өндіруші нысандарының бірі.

«Береке бастауы» фестиваліне келгендер бума масақтарды да, Лебяжі ауданынан жеткізілген қол диірменді де көріп, қара жердің төсін тырмалаушы диқандар еңбегін бір сәт көз алдына келтіргендей болды. Бұл күні ауданның көркемөнерпаз ұжымдары мерекелік бағдарламаларын да ұсынды. Соңында фестивальге қатысушылар «үздік нан-тоқаш өнімдері көрмесі үшін», «өнім түрлерін көбейткені және маркетинг саясатын жетілдіргені үшін», «үздік наубайшы», «үздік кондитер» және тағы да басқа отыздан астам аталымдар бойынша марапатталды.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30