2020 жылға дейін облысымыздың барлық елді мекендері сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Аталған бағытта жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізуге мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы мүмкіндік бермек. Биыл бағдарламаның алғашқы кезеңі жүзеге асырыла бастады. Бастаманың аяқ алысы «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында сөз болды.
Әзірге қандай да бір нәтижелер жайында айтуға ертерек, дейді мамандар. Әйтсе де, бағдарламаның маңыздылығы зор. «Ақ бұлақтың» арқасында облыс тұрғындары таза, сапалы ауызсу тұтынатын болады. Тек жоспардан ауытқымау қажет. Жоба бойынша бағдарламаның алғашқы кезеңі 2011-2015 жылдарға қарастырылған. Бұл мерзімде аймақ елді мекендерінің шамамен 54 пайызына орталықтандырылған су жүйесі тартылатын болады. Сәйкесінше жүз пайызға жуық межені екінші кезеңде, яғни 2015-2020 жылдары бағындырамыз деп көзделіп отыр.
Алайда, бағдарламаның сәтті жүзеге асуына қолбайлау болып отырған мәселе де жоқ емес. Мысалы, осыдан шамамен жиырма жылдан астам уақыт бұрын облыс аумағында жүргізілген геологиялық зерттеулердің нәтижелері әбден ескіріп қалған. Ал оны қайта жүргізу үшін қыруар қаражат қажет. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілердің кесірінен көп уақыт жоғалады екен. Бірақ, онсыз тағы болмайды. Осындай қателіктің ащы дәмін таттық. Алдын ала геологиялық зерттеу жүргізбеудің салдарынан қазынадан бөлінген қомақты қаражат «желге ұшып кетті» десе де болады. Себебі, облысымыздың бірқатар аудандарына орнатылған таза сумен қамтамасыз етуші кешенді блок модульдердің істемей тұрған жайы бар. Құрылғы орнатылған жерден біраз уақыттан соң су шықпай қалған. Партия өкілдері мұндай қателікке енді жол берілмеуі тиіс екендігін айтып отыр. Қажет болса, бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешу қажет, десті комиссия мүшелері.

