Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз. Осыны ескеріп, басылым бетінде «Апта аптығы» атауымен жаңа айдарға жол ашып отырған жайымыз бар. Білсем деген жаңалығыңызды осы жерден тауып жатсаңыз, нұр үстіне нұр болғаны.
Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.
МӘЖІЛІС ҚАЙДА ЖИНАЛДЫ?
Апта басталысымен қоғам арасында қызу талқыға түскен тақырып туды. «Мәжілісмендердің басына қара бұлт үйірілді» десті жұрт. Қысқасы, Парламенттің төменгі палатасы тарайды деген болжам айтылуда. Кімге сенеріңді де білмейсің. Ал депутаттар сыр бермеуге тырысып жүр. Бірақ, қаңқу сөздер толастар емес. Енді тек, түймедақты (ромашка) қолымызға алып, «тарайды», «тарамайды» деп бал ашуымыз ғана қалды...
Жалпы, мұндай негіздегі әңгіме шамамен жеті ай бұрын айтылған болатын. Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирак Елекеев палата жұмысына сын көзбен қарап, өз пікірін ортаға сала келе, «егер де, қандай да бір түйткілді мәселелерді шешуге қабілетсіз болсақ, онда тарайық» деп салған-ды. Алайда, сол кезде аталған мәселе сөз жүзінде ғана қалды. Бірі «Елекеевтікі жөн» десе, екіншілері оған аса мән де берген жоқ. Ал депутаттың әріптестері болса, «Ирекең көпшілік назарын өзіне аударғысы келген болар» деп, жылы орындарынан айрылғысыз екендіктерін білдіріп қалды. Бірақ, енді айрылуға тура келетін сияқты. Қимағанмен болмайды.
Осылайша, қазір халық қалаулылары «шабадан үстінде отыр» десе де болады. Өз тағдырларына алаңдап жүргенде, халықтың жағдайы «жағада» қалып қоймаса болғаны. Не де болса, алдағы аптаны аптықпай күтейік. Бұл мәселеге сәрсенбінің сәтінде нүкте қойылады деген болжам бар.
ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗБЕК АҒАЙЫННАН...
Әлем кезекті қаржы дағдарысына дайындалып жатқанда, еліміздің оңтүстік өңірі энергетикалық дағдарысқа тап болды. Қылышын сүйреп қыс келгенде, Өзбекстан тарапынан берілетін көгілдір отын көлемі екі есеге азайып кеткен. Соның салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай тапшылық сезіліп, алпауыт кәсіпорындар газсыз қалды. Бәрінен бұрын тұрғындар зардап шегуде. Жылу беретін мекеме газдың жоқтығынан қаланы толық жылумен қамти алмауда. Мұндайда бір ғана сұрақ туындайды. Кім кінәлі?
Облыс басшылығы кемшілікті түзетуді жергілікті атқарушы билікке қатаң тапсырып отыр. Ал қала әкімдігінің кімді жұмсары белгісіз. Бірақ, айтайын дегеніміз бұл емес. Қазақ қазба байлығымен мақтана алады. Құдайға шүкір, халықты «қара алтынымыз» асырап отыр. Газ да бар. Бір сөзбан айтқанда, қазынаның үстінде өмір сүрудеміз. Сөйте тұра, күніміздің өзбек ағайындарға қарап қалғандығы қалай?
«АЙТЫЛҒАН СӨЗ - АТЫЛҒАН ОҚ»
Аптада қайғылы оқиға орын алды. Алматы қаласында, тапайдың тал түсінде қос полицейді белгісіз біреулер атып кеткен. Құдды бір атыс-шабысқа толы шетелдің шытырман оқиғалы кинофильмі дерсіз. Сценарийі тым ұқсас. Әдеттегідей, (кинодағыдай) зұлым күш иелері құқық қорғаушыларға ашықтан-ашық оқ жаудырып, қашып кеткен. Әдеттегідей, ешбір куәгер жоқ (қанды оқиға адам саны көп болған жерде орын алса да). Әдеттегідей, жергілікті ішкі істер органдары қылмыскерлер жазаланады деп уәде беріп отыр. Енді тек бұл қылмыстық іс әдеттегідей (жақсылық жамандықты жеңіп) аяқталса болғаны.
Уәде демекші, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов бұл қылмысқа қатысы бар деген күдіктілердің анықталғандығын жеткізді. Олар үш күннің ішінде құрықталады деп сөз берді. М.Демеуовтің «кінәлілерді ұстаймыз» деп ант су ішкен күні 10 қараша, яғни бейсенбі болатын. Демек, бүгін - уәденің орындалатын күні. Жаңалықтарды күтіңіздер. Қалай дегенмен, «айтылған сөз - атылған оқ».
«ШЫНДЫҚ» деп шырылдағыштар неге үнсіз?
Шетелге ойысайық. Бірден «махаббат қаласы» Парижге сапар шексек. Онда бүгінде ауыр атлетикадан әлем біріншілігі өтуде. Қазақ елі сайдың тасындай іріктеліп алынған 15 спортшысын үкілеп апарып, бәсекеге қосты. Әрқайсысының аты «жер жарып тұр». Жалпы, спорттың аталмыш түрі бойынша қазақстандықтар дүние жүзінде үздіктер қатарында екендігі сөзсіз. Біздің ауыр атлетшілеріміздің есімін естігенде, есі бар қарсыластардың «қалтылдайтын» әдеті (тіл аузым тасқа). Лайым солай болғай.
Өкінішке қарай, ұйымдастырушылар (француздар) жарыс басталғалы бері бүйректен сирақ шығаруларын қоймай келеді. Қалай дейсіз ғой? Қазақстандық делегаттарға жататын орын табылмай қалған. Ол бір. Екіншіден, 53 келі салмақта алтыннан алқа тағынған Зүлфия Чиншанло тұғырға көтерілгенде, еліміздің ескі Әнұраны шырқай жөнелді. Ұят. Осы оқиғаға байланысты еліміздің кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының үнсіз қалғандығы жанға батады. Жайда «біз шындық айтамыз» деп кеуделерін қаққанда сондай, жоғарыдағы жағымсыз жайтқа өз шарасыздықтарын білдіргендері таң қалдырады. Басқа елдің медиа әлеміндегі «акулалары» болса баяғыда-ақ ұйымдастырушыларды сынмен «жеп қоятын» еді. Ал біздің тісіміз батпады. Бірақ, жоқ «тіс» қайдан батсын... Мәселе ұлттық мүддеге тірелгенде ауызбіршілік қажет-ақ.
Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript

