Облыс орталығындағы әлеуметтік дүкендердің саны тағы бес нысанға артпақ. Бұл туралы Павлодар қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Серік Базарбаев мәлім етті.
Жоба облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың арнайы тапсырмасымен әлеуметтік бағдарламаларды жетілдіру мақсатында жүзеге аспақшы. Ерекше атап өтерлігі, пайдалануға берілетін дүкендерде ауыл шаруашылық өнімдері сатылады. Бастысы - арақ-шарап, шылым сатуға түбегейлі тыйым салынады. Серік Полатұлының айтуынша, бүгінгі таңда төрт дүкеннің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Осы жылдың желтоқсанында алғашқысы пайдалануға беріледі. Ал қалған төртеуі келесі жылы тұрғындар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тағы да әлеуметтік бес дүкен ашу үшін келіссөздер жүргізіліп, құжаттар рәсімделуде.
- Жобаның басты мақсаты – кварталішілік үйлердің тұрғындарын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету. Мұндағы тауарлардың бағасы өзге дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады. Мен мұны сеніммен айта аламын. Қаланың кәсіпкерлік бөлімі дүкендерді жіті қадағалап отыратын болады. Құрылыс жұмыстарын «Восток» шаруа қожалығы өз мойнына алып отыр. Дүкендер де аталмыш шаруашылыққа тиесілі болады. Кәсіпкерлік бөлімі ондағы тауарлардың бағасын, тазалығын тікелей назарда ұстайды,- деді Серік Базарбаев.
Ф.ӘМІРЕНОВ, Павлодар қаласы.

